Қонаев қаласында әлеуметтік нысандар жетіспейді
Қонаев тұрғындары қалаға әлеуметтік нысандар салғызуды сұрап отыр, деп хабарлайды 24KZ. Себебі Алматы облысының әкімшілік орталығында әлі күнге дейін үлкен мәдениет ошақтары мен спорт кешендері салынбаған. Сол себепті мәдени шаралар мен түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар қаланың орталық алаңында немесе Қарасай, Іле аудандарындағы спорт кешендерінде ұйымдастырылады. Халық жергілікті атқарушы билік өкілдерінен шағынаудандар мен саяжай аумақтарын газдандыру мәселесін тездетіп шешуді өтінді.
Жергілікті тұрғындардың пікірінше, Қонаев Алматы облысының әкімшілік орталығына айналған екі жылдың ішінде қалада көп ештеңе өзгере қоймаған. Қазақ драма театры ғимараты мен спорт кешендері құрылысының басталмағанын айтпағанның өзінде қалада әлі күнге дейін жібі түзу кинотеатр да жоқ. Сол себепті тұрғындар спектакль мен жаңадан шыққан фильмдердің премьерасын тамашалау үшін Алматыға баруға мәжбүр болады.
Сауалнама:
- Менің ойымша, салыстырсақ, енді Түркістан қаласы бойынша, Қонаев қаласында ондай өзгерістер жоқ. Мысалы, қаншама заттар жетіспейді. Бала-шағамызды бассейнге берейік десек, бассейн жоқ. Спорт кешендері аз. Ауруханамыз кіп-кішкентай, мысалы. Ондай қатты өзгерістер жоқ. Ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Ақша құйылып жатқан жоқ па?! Білмеймін енді ол жағын.
- Облыс орталығы болғалы бері балалардың ойын алаңы көбейді. Аялдамалар әдемі бола бастады. Жалпы қаламыз әдемі болып келе жатыр. Бірақ адамдар көбейіп, жолда кептеліс көп бола бастады.
- «Рауан» ықшамауданы болсын, қай ықшамауданды ал, газ мәселесі – ол бұрыннан келе жатқан проблема. Сол халыққа газын қосып берсе деймін. Салыстырмалы түрде алатын болсақ, мысалға, сол Талдықорғанның өзі кезінде облыс орталғығы болған кезде қаншама зәулім-зәулім сарайлар салынды. Бізде ондай енді құрылыс жүріп жатқан жоқ.
Қалалық құрылыс бөліміндегілер жергілікті тұрғындар тілге тиек еткен әлеуметтік нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын алға тартты. Олардың айтуынша, құрылысқа жер бөлінген. Қажетті әлеуметтік нысандар 2025 жылдың бірінші жарты жылдығында салына бастайды.
Ержан Жетігенұлы, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бізде бас жоспарда бәрі көрсетілген. Оның бәрін нақтылап, инвесторлармен, кейбірі бюджет есебінен салынады. Жаңағы сіз айтқан театр дейсіз, «Конгресс холл» деген жоба бар. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің жобасы жасалып жатыр, аурухана, сол сияқты емхана, инвесторлармен университет салу жоспарланған. Спорт кешені ол бізде бар, оқушылар сарайы деп атайды. Соның қазір жобалау жұмыстары аяқталып жатыр.
Қонаев қаласындағы үйлердің 35%-і ғана газдандырылған. Қалғанына табиғи газ тартылмады. «Тұрғындар көгілдір отынмен қамтамасыз етуді сұраған «Рауан» ықшамауданына 2025 жылы құбыр тартылады», – дейді мамандар. Қаладағы жылу жүйелерінің ұзындығы 58 шақырым болса, соның 43%-і әбден ескіріп-тозған. Ол түгелдей жаңартуды қажет етеді.
Ертай Құрманалиев, қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары:
- Жылу жүйесіне келетін болсақ, қазіргі таңда Алматы көшесінің бойында 3 шақырым жерді жылу жүйесін жаңалап ауыстырдық. Ол жылу жүйесін іске қосып қойдық. Қазіргі таңда абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр.
Қонаев қаласы Алматы облысының әкімшілік орталығы болған екі жылдың ішінде бас жоспар қайта бекітіліп, аумағы 100 мың шаршы метрдей көпқабатты тұрғын үй салынды. Алдағы жылы тағы 10 шақты үйдің құрылысы басталады. Халық жергілікті атқарушы билік өкілдерінен қалалық маңызы бар жолдардың жағдайын жақсартуды және «Самал» мен «Ардагер» ықшам аудандарына жекелеген үй құрылысын жүргізу үшін инженерлік желі тартуды сұрап отыр. Оған қазынадан 2 млрд 700 млн теңге қаралған. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар да өте баяу жүріп жатыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев.