Биыл ШҚО-да 600 шақырым жол жөнделді
Шығыс Қазақстанда 600 шақырымға жуық жол жөнделді, деп хабарлайды 24kz.
Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе артық көрсеткіш. Сапалы инфрақұрылым ауыл-аймақтағы кәсіптің дамуына серпін беріп отыр. Мәселен, Көгілдір бұғаз, Бұқтырма су қоймасымен Алтай ауданындағы ауылдарда тірлік жандана бастады. Аядай ғана Прибрежный елді мекенінде бұрын-соңды болмаған әскери-спорттық ойын орталығы ашылды.
Өскемен – Алтай бағытындағы Прибрежное ауылының тұрғындары тозығы жеткен жолдың зардабын әбден тартты. Айналдырған 7 шақырым трассаның жөнделуін жұрт 30 жыл күтті. Маратбек Әбдірахманов осы жаққа тұрмыстық тауар тасиды. Қатынастың қиындығынан бұл ауылға келуден бас тартқан кезі де болыпты.
Маратбек Әбдірахманов, көлік жүргізушісі:
- Бұл жолдан түк қалмаған еді. Тіпті ауылға кіруден бас тартуға тура келді. Тапсырыс берушілер тауарды күре жолдың қиылысынан әкетіп жүрді. Енді мінекей, мұнда бес минутта кіріп-шығамыз.
Осы жазда тақтайдай асфальт төселіп, жолаушылардың да көзі ашылды. Осыдан соң ауылдағы кәсіп те дамыды. Бұрын-соңды болмаған әскери спорттық ойын орталығы іске қосылды. «Бұл жобаны талайдан ойластырсам да, жолдың жайы қолбайлау болған еді»,- дейді кәсіпкер.
Владимир Войтас, кәсіпкер:
- Осы жеті шақырым жолдың жөнделуін талай уақыт күтуге тура келді. Ешкім біздің ауылға келгісі келмейтін. Ақыры міне, кәсібімді аштым. Ауылдың жағдайы түзеле бастады. Бұл туристік орталықты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын. «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 30 млн теңге несие алдым.
Белсенді демалыс орталығы екі айдан бері 100-ден астам адамды қабылдап үлгерді. Бұл жер ауыл балаларының да сүйікті орнына айналды. Жеткіншектер әскери шеберлікке үйреніп, атпен серуендеп, уақыттарын қызықты өткізуде.
Кирилл Пилипчук, мектеп оқушысы:
- Осы жерге келіп, түрлі ойындар ойнаймыз.Бұрын ауылда ішіміз пысатын еді. Қазір бос уақыт болса, осында келеміз. Сергіп, шынығып қайтамыз.
Наталья Рыбина, мектеп директоры:
- Оқушылар түрлі сайыстарға қатысу үшін жолға шыққанда қатты алаңдайтын едік. Қазір барыс-келіс жеңілдеді. Оның үстіне кәсіпкерлік дамып, ауыл жанданып жатыр. Өйткені қосымша жұмыс орындары пайда болды. Аядай ауылымыздың туристік әлеуеті де артып келеді.
Бұдан бөлек, Қатонқарағайда 20 шақырым жол жөнделді. Риддер, Шемонаиха, Күршім бағытындағы учаскелер де қамтылды. Өлкеде «Жол жылы» жарияланып, жалпы осы мақсаттағы жұмыстарға 20 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов