18 қараша – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылған күні

Аталмыш орган мемлекеттің қазынасына қол сұққан қылмыскерлерді анықтап, парақорларды әшкерелеп келеді. Биыл алғашқы 8 айда 1300-ге жуық істі тіркеген.

Антикорда қызмет ету сырт көзге оңай болып көрінуі мүмкін. Алайда ішінде қауіппен бетпе-бет келіп жататын жағдайлар жиі кездеседі. Дәл сондай оқиға капитан Мейрам Хамиджанның басында болған.

Мейрам Хамиджан антикорда 7 жылдан бері қызмет етеді. Осы уақыт аралығында 100-ден астам тергеуге қатысты. Алайда былтыр әлдекімдер оның қызметіне байланысты үйінің алдында соққыға жығады. Абырой болғанда, қорғанып үлгеріп, қылмыскердің қаруын тартып алады.

Мейрам Хамиджан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- «Дубинканы» алып қалған кезде жай тұрған екіншісі бірінші болып қашты. Кейін шабуылдаушы да қаша бастады. Мен бірақ оларды қуып жете алмадым. Сосын тағы үшіншісі болды. Ол ұйымдастырушы ретінде. Сөйтсем, ол полиция қызметкері екен. Мен туралы базадан ақпарат алған. Машинам қандай, қайда тұрам... Менің графигімді айтып берген. Олар дайындалған ғой. Арнайы киініп, бастарында бейсболка, «очки», солай дайындалып келген ғой.     

Кейін іске полиция араласып, қашқындарды ізін суытпай ұстады. Тергеу барысында ұйымдастырылған шабуылдың сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар тұлғаның тапсырысымен жасалғаны белгілі болды. Нәтижесінде олар 3-тен 5 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылды.

Мейрам Хамиджан, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басқарма басшысының міндетін атқарушы:

- Менің қызметіме байланысты екенін содан кейін білдім. Өйткені мен ол кезде орталық аппаратта тергеуші болдым. Әртүрлі резонанстық қылмыстық істерді тергегем. Енді халыққа қызмет ету оңай емес. Қызмет берік мінезді, шыдамдылықты және төзімділікті қажет етеді.  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі – Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Ондағы әр қызметкер елдің болашағы мен даму жолында аянбай қызмет етуге міндетті.

Данияр Бигайдаров, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Қазақстан өркендеген мемлекет пен жемқорлардан азат, әділ қоғам болатынына және агенттіктің жұмысы келер ұрпаққа өз жемісін беретініне сенім білдіреміз. Жемқорлыққа фактілері туралы хабарлаған азаматтарға төлем ұлғайтылды. Олар пара немесе залал сомасының 10%-ін алуға құқылы.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне құны 1 трлн 90 млрд теңге шамасында мүліктік активтер мен қомақты қаржыны кері қайтарды. Соның есебінен елде 50-ден астам мектеп ашылды. Алда тағы 30 білім ордасы салынады.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мұрат Әріпхан.