«Ауыл – ел бесігі»: Абай облысында спорт кешені ашылды
Абай облысы Бородулиха ауданының тұрғындары «Ауыл – ел бесігі» жобасының игілігін көріп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Биыл ауданда соңғы үлгідегі спорт кешенінің құрылысы аяқталды. Ауылда бұрын мұндай орталық болмағандықтан, балалар мектептің стадионында дайындалып келген. Жаңа нысан өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға серпін бермек. 350 орынға есептелген спорт кешенінің құрылысына 1 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды.
Шыңғыс Сұлтанғазы – Әлихан Бөкейханұлы атындағы мектепте 6-сынып оқушысы. Кішкентайынан футболға қызығады. «Ашылған кешен спортпен еркін шұғылдануға мүмкіндік береді», – дейді. Жас аяқдопшының арманы – Семейдің «Елімай» футбол командасында өнер көрсету.
Шыңғыс Сұлтанғазы, аудан тұрғыны:
- Маған негізі футбол ойнаған қатты ұнайды, мен өзім қақпашымын. Мені алғашында Мұхамади деген досым футболға шақырды. Ашылған жаңа кешен үшін алғыс айтамыз. Біз үшін барлық жағдай жасалған.
Спорт кешені 350 орынға арналған. Мұнда баскетбол, волейбол, күрес, бокс, үстел теннисі, шағын футбол сияқты спорттың бірнеше түрінен секциялар ашылады. Киім ауыстырып, жуынатын орын да қарастырылған.
Балғын Бекетай, аудан тұрғыны:
- Біздің балалардың, ауыл тұрғыдарының көптен күткен, армандаған десе болады. Бассейнде жүзіп үйрену. Балаларға бос уақыттарын өткізуге тағы бір жаңа қыры ашылды. Бізде ауыл тұрғындары бар, менің таныстарым, көршілерім бар. Балалары сенбі, жексенбі күндері сол бассейн үшін қалаға барады. Қаладағы бассейндерге барып, сонда жаттығады.
Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына бір млрд теңгеден астам қаржы жұмсалған. Ғимарат заман талабына сай салынған. Енді жастарды спортқа баулып, бұқаралық спортты дамыту үшін тағы бірнеше ауылда осындай спорт кешені бой көтереді. Абай облысында осындай сегіз кешен бар.
Ержан Құсайынов, спорт кешенінің директоры:
- Спорт кешенінің ашылған себебі біздің балалар Қазақстанның туын көтерсін, қазақтың гимн ойнатсын деп ойлаймыз. Ауданымыздан спортты әлем деңгейіне шығаратын спортшыларымыз шықса екен деп ойлаймыз. Қазір сондай мақсатымыз бар.
Қазір өңірде 500-ден астам спорт нысаны бар, тағы бесеуінің құрылысы аяқталуға жақын. Былтыр 10 спорт кешені ел игілігіне берілді. Сондай-ақ облыста 14 спорт мектебі жұмыс істеп тұр.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.