Елімізде автомобилінен ақау шыққан 36 адам дилерден көлік құнын өндіріп алды

36 отандасымыз елдегі автосалондардан 500 млн теңгеден астам ақша өндіріп алды. Олардың сатып алған жаңа көліктері сыр беріп, айдан аспай ақау шыққан, деп хабарлайды 24kz.

Сөйтіп, зауыттан бұзылып шыққан темір тұлпарларды қайта өткізген.

Әрине мұндайда дау-дамай туындайды. Арағайындыққа көнбеген тараптардың мәселесін ақыры сот шешіп берген жағдайлар да бар.

Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:

- Бұл – астаналық тұрғын Данияр Тасболатұлы. Бір жыл бұрын 20 млн теңгеге қытай көлігін сатып алған. Алайда айдан аспай жатып жап жаңа темір тұлпардан ақау шыққан. Сөйтіп, ол ақауды автокомпанияға көрсеткенімен, сатқан тарап түрлі сылтау айтқан. Ақыры сотқа жүгінген. «Даулап жүріп, дилерден берген ақшамды өндіріп алдым», - дейді ол.

Данияр Тасболатұлы, Астана қаласының тұрғыны:

- 2023 жылы мен автокөлік алған едім. Қытайдың автокөлігі Geely Monjaro деген. Ол алған бетте он күннен кейін ақаулар басталды. «Монитор өшіп қала береді, пешті қоса алмаймын, есік- терезесі ашылып, жабыла береді» деп оларға хабарластым. Олар: «әкеліңіз, көрейік», деді. Алайда проблема шешілген жоқ, сөйтіп, соттасуға тура келді.

Иә, автосалондардағы көліктің бәрі жаңа, алайда түгел зауыттан ақаусыз шықты деу қиын. Себебі кейінгі кездері көлігіне көңілі толмай, сатушылармен соттасатындар көбейген. Бір ғана Астананың өзінде жыл басынан бері 7 адам жауаптыларға жүгінген екен. Оларға 90 млн теңге қаржы қайтарылған.

Жалғас Балғожин, Астана қаласы сауда және тұтынушыларды қорғау департаментінің өкілі:

- 2024 жылдың басынан бастап департаментке 4 мыңнан астам азамат арыздарымен жүгінді. Осы жылдың қорытындысы бойынша 270 млн-ға жуық кәсіпкерлерден қаржы өндірілді. Соңғы кездері, өкінішке орай, көлік алушылардан арыздар келіп жатады. Оның ішінде 790 млн-нан астам ақша өндірілді. Оның бірден-бір себебі зауыттан шыққан көліктің тиісті жағдайда, тиісті деңгейдегі сапасы төмендігінен.

Бұл – біз білген бірді-екілі мысал. Көлігінің кемшілігіне көз жұмып жүргендердің нақты саны белгісіз. Өйткені жұрттың көбі көнбіс. Компаниялармен дауласып жүруге құлықсыз. Себебі сот ұзаққа созылады.

Жалғас Болғожин, Астана қаласы сауда және тұтынушыларды қорғау департаментінің өкілі:

- Тұтынушы материалдық шығындар мен қатар моральдік шығындарды талап өтуге әбден болады. Бұл заң бойынша көзделген. Оның сомасын мысалға кәсіпкер мен тұтынушы өзара келісе алмаса, әрине, ол соттың шешімімен өндіріледі.

Биылбас-аяғы 130 мыңнан астам су жаңа көлік сатылды. Оның 53 мыңы корей, 43 мың қытай көлігі. Сондай-ақ 22 мың өзбек, 8 мыңнан астам жапон автомобилі саудаланды.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Өрден Жарқын