Елімізде Жылқы шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты құрылды

Елде Жылқы шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты ашылды.

Бұл туралы жақында Мемлекет басшысы Үкіметке арнайы тапсырма берген болатын. Мекеме «Ұлттық ғылыми-білім беру орталығының» құрамында болады. Жаңа институт асылтұқымды жылқы сапасын жақсартып, оны сыртқы нарыққа шығару бағытында жұмыс істейді. Алдағы бес жылда асылтұқымды жылқы санын 6-7%-ке арттыру көзделіп отыр. Жергілікті Қостанай, Адай және соғымға арналған Мұғалжар, Жәбе, Күшім генотиптерін көбейту жұмыстары белсенді жүргізіледі. Ол үшін жылқының түрлі генетикалық топтары туралы ақпарат сақтайтын деректер қоры мен эмбриондар банкі құрылады. Сондай-ақ биелерді қолдан ұрықтандыру, арнайы жылқы өсіруші мамандарды дайындау жоспарда тұр. Бұл бағытта отандық ғалымдар шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтары, университеттермен бірлесе жұмыс істейді.