Елімізде қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны артады

Елде қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны арта түседі, деп хабарлайды 24kz.

Енді әрбір 5 мың балаға кем дегенде 1 маманнан келуге тиіс. Жаңа норманы Үкімет қолдады. Ақжолтай хабармен еліміздегі Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бөлісті. Ол балаларды қорғау жолында тағы бір маңызды қадам жасалғанын атап өтті.

Айта кетерлігі, заңға түзетулерді осы жылдың соңына дейін қабылдау жоспарланған.

Шымкент қаласында жарты млн бала болса, олармен қамқоршылық органының 5 маманы ғана жұмыс істейді. Себебі кадр аса тапшы. Ондаған мың бала тұратын ауылды жерлерде мәселе дәл осылай өзекті. Жеткіншектер ісімен айналысатын арнайы мамандардың аздығынан балалардың түрлі қиын жағдайларға тап болу оқиғалары жиіледі. Мәселені шешу жолы – бала санына қарай қамқоршылық органдары қызметкерлерінің нақты штат санын белгілеу. Омбудсмен Шымкент қаласының өзінде қызметкерлер саны 90-ға жететінін мәлімдеді

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Біз бала құқықтары жөніндегі комитетпен бірге тиісті түзетуді дайындадық. Бұл түзету бойынша заңға қамқоршылық қызметкерлерінің санының нормативі енгізіледі, яғни, 1 маманға 5 мың бала. Бұл халықаралық тәжірибе. Әртүрлі пікірлер болды. Мысалы заңға тек қана компетенцияны енгізу ал нормативті бұйрығымен бекіту. Бірақ та осындай тәсіл дұрыс нәтижеге әкелмеуші еді. Сол себептен осы нормативті заңға енгізу үшін біз 8 ай бойы жұмыс істедік. Президент әкімшілігімен бірге Мемлекеттік кеңесшінің қолдауымен. Жалпы нәтижесінде Үкімет қолдады. Қазіргі таңда бұл түзету Парламентте қаралады.

Ендігі үміт – балаларға қатысты қандай да қылмыстық әрекеттерді болдырмай, оның алдын алуға күш салу. Өңірлерде қамқоршылық ұйымдары қызметкерлерінің санын арттыру – күдік тудырған әр жағдайға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді. Ешбір бала назарсыз қалмауы тиіс.

Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі:

- Мысалы, зорлық-зомбылыққа қатысты ақпарат келсе немесе балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты ақпарат келсе, бірден бару, тексеру, тиісті іс-әрекеттерді жасау. Опекада, патронатта және қиын жағдайда тұратын блаларды тексеру, бақылауға алу, тиісті көмек ұйымдасмтыру олардың отбасыларға көмек керек болса, осы ақпаратты отбасын қолдау орталықтарына жіберу, осындай функцияларды жүргізу үшін осы түзету өте маңызды. Әрине, мамандарды оқыту керек. Сол себептен біз Бала құқықтары жөніндегі комитетпен бірге оқытук процесін ұйымдастырамыз.

Өзгерістер жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың өмір сүру жағдайын жүйелі тексеруге мүмкіндік береді. Жергілікті жерлерде уәкілетті органдардың жұмысын жандандыру – ел болашағы – балаларға деген ерекше қамқорлықтың ажырамас бөлігіне айналады.

Гүлмира Жұманова, қалалық білім басқармасы қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы:

- Қорғаншылық органдарының мемлекетпен белгіленген функциялары бар бұл 30-дан астам функцияны жүзеге асырамыз. Ең бастысы, біз білім ұйымдарымен жұмыс жасаймыз. Өйткені бала тікелей мектепке келеді, балабақшаға келеді, колледждерде болады. Біздің білім ұйымдарының мамандары да бізге көмек көрсетеді. Әр адам, азамат егер де бұндай бір жағдайға көзі жетсе, ол дереу қорғаншылық органына хабарлау керек.

Қазір елдегі 7 млн-ға жуық балаға 303 маман ғана бар. Жаңа норма қабылданған соң қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны кем дегенде 1350-ге жетеді. Мәселен, Алматы облысында 8 маманның орнына алдағы уақытта өңірдегі бала санын ескере, 109 қызметкер жұмыс істейді. 1 млн-ға жуық бала тұратын Түркістан облысында қазіргі 19 қызметкер саны 180-ге дейін артады.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Арман Ақшабаев