Күйік асуындағы күре жол құрылысы кестеден кешікті
Күйік асуындағы тас жолдың құрылысы кестеден кешігіп жатыр.
Жалпы, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінің Жуалы ауданындағы бұл бөлігі жарты ғасырдан бері жөндеу көрмеген.
Жыл басында республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Бірақ Ресей, Қырғызстан мен Қытайдан шыққан жүк көліктерінің барлығы ескі Күйік асуымен өтеді. Себебі жаңа жол өр басына салынғандықтан жүк көліктері үшін аса қауіпті. Ал шатқалдағы 12 шақырымдық бұл даңғыл 1970 жылдары салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Салдарынан тас жолдың тоз-тозы шыққан.
Әділет Қабылбек, жүк көлігінің жүргізушісі:
- Бұл жердің жолы жаман. Машиналар көп бұзылады. Дтп да көп болады ол жерде. Сондықтан тезірек сол жолды жасап қойса, мемлекет үшін де, ел үшін де жақсы болмақ.
Мерей Бает, тілші:
- Ескі Күйік асуында былтырға дейін ағымдағы жөндеу жұмыстары жылда жасалып келді. Бірақ күре жолмен тәулігіне 35 мың көлік жүргендіктен, жылға жетпей бәз-баяғы қалпына түсіп отырды. Сондықтан ҚазАвтоЖол мекемесі бұл жолды жаңғырту қажет деп, былтыр желтоқсанда жоба жасаған. Бірақ содан бері жылға жуықтаса да өзгерген дәнеңе жоқ.
Жобаға республикалық бюджеттен 7.5 миллиард теңге бөлінетін болды. Сөйтіп мердігері де анықталды. Бастапқыда тендерді ұтқан компания нысан басына жылжымалы асфальт зауытын апарып, жол жөндеу жұмыстарына кіріскен. Бірақ кейін техникасы мен жұмысшылары жетіспей жол құрылысы тұралады. Салдарынан биылдыққа бөлінген 1,5 миллиард теңгенің 304 миллионы ғана игерілді.
Еркін Тайпақов, "Қазавтожол" ҰК" АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары:
- Келісімшартқа сәйкес айыппұл салынып жатыр 36 млн тг көлемінде. Сотқа бердік недобросовестный подрядшик деп. Әрі қарай осылай жалғасса, келісімшартты бұзуға тура келеді.
Тас жолды қайта жаңғырту 17 айға жоспарланған еді. Бірақ бүгінде жұмыстың 5-ақ пайызы орындалған. Сондықтан жол құрылысы тағы жарты жылға созылуы мүмкін.
Мерей Бает Тимур Сейілхан