Жыл басынан бері 1,3 тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленді

Елде жыл басынан бері азаматтардан 1,3 тоннадан астам синтетикалық есірткі тәркіленді.

Ал оны бизнеске айналдырған 13 қылмыстық топ тәртіп сақшыларының құрығына түсті. Оның екеуі трансұлттық ұйым. Әсіресе Молдова, Латвия, Үндістаннан келіп, қауіпті затты біздің елде саудалайтындар көп. Бас прокуратураның есебінше, дәл осындай 87 адам ұсталып, қамалған. Есірткіні сатумен қатар жасырын өндірген 75 зертхананың қызметі тоқтатылды. Ведомство мамандары нашақорлықты насихаттағандар да жазасыз қалмайтынын ескертіп отыр.

Ерлан Жанпейісов, Бас прокуратураның ресми өкілі:

- Бас қадағалаушы орган есірткіге қарсы «Нашақорлыққа жол жоқ» іс-шарасын тұрақты түрде өткізуде. Нәтижесінде есірткіні насихаттағаны үшін 17 адам ұсталып, 10 мыңнан астам нарко жазбалар (граффити) жойылды. Біз азаматтарды есірткі тұтынудан және есірткі бизнесіне қатысудан сақ болуға шақырамыз.