21 қараша – Дүниежүзілік телевизия күні
Бүгін дүниежүзілік телевизия күні.
Тұңғыш рет бейнені алыстан көру, яғни телевизияның нышандары өткен ғасырдың басында пайда болды. Алғашқы телехабар Лондонда 1936 жылы таратылған. Міне содан бастап әлемде телевизия саласы қарыштап дамып келеді.
БҰҰ Бас Ассамблеясы 21 қарашаны Дүниежүзілік телевизия күні ретінде 1996 жылы өткен бірінші Дүниежүзілік телевизиялық форумды есте қалдыру мақсатында 1998 жылдың наурызында жариялады. Мемлекеттерге бұл күнді бейбітшілік, қауіпсіздік, экономикалық және әлеуметтік даму және мәдени алмасуды кеңейту тақырыптарына арналған телебағдарламалармен алмасу арқылы атап өту ұсынылды. Мереке бертінде ғана атап өтіле бастағанымен, тарихы 100 жыл бұрын басталды. Электронды сәулелердің көмегімен белгілі қашықтықта бейнелерді қабылдап, көрсетудің алғашқы эксперименттері 1920 жылдардың басында АҚШ-та, Жапонияда және КСРО-да басталды. 1993 жылы америкалық инженер (Ресей тумасы) Владимир Зворыкин әлі күнге дейін көптеген телевизорлардың басты бөлшегі болып табылатын катодты түтікшені ойлап тапты.
Тағамның дәмін экран арқылы сездіре алатын теледидар
Жапония
Жапониядағы экранда көрсетілген тағамның дәмін жеткізе алатын теледидар прототипі жасалды. Оның авторы Мэйдзи университетінің профессоры Гомей Миясита. Оның айтуынша, Taste the TV деп аталатын құрылғының құрамында әртүрлі хош иістендіргіштердің 10 түтігі бар. Бұл "дәмдер" теледидарда көрсетілген тағамның дәмін жасау үшін қажет. Мұндағы мақсат - көрерменнің әлемнің қиыр түкпіріндегі мейрамханаға өзі барғандай сезім қалдыру екен.
Жаңалық жүргізетін жасанды интеллект
YOUTUBE.COM/Желаю Всё Знать
Оңтүстік Кореяда жасанды интеллект арқылы жасалған тележүргізуші жаңалықтар бағдарламасын жүргізеді. Тележүргізуші қыз Чеджудо аралының саясаты мен тыныс-тіршілігі туралы ақпаратты оқып береді. Оның мәтінін де дайындап беретін – жасанды интеллект. Жалақы сұрамайтын, ауырып қалмайтын, дауысы, мәнері бұзылмайтын, боянбайтын жүргізуші қай жағынан алып қарасаңыз да тиімді дейді мамандар. Бағдарламаға айына 600 000 вон жұмсалады екен. Бұл шын жүргізушілер мен редакторлар командасын жалдағаннан әлдеқайда арзан. Бүгінгі таңда елімізде де телестудиялық хабарларды жасанды интеллект жүргізетін жүйелер іске қосылуда. Соның бірі тәулік бойы хабар таратын 24кз телеарнасы.