Биыл БҚО-дан шекаралас өңірлерге 107 млн доллардың тауары шығарылды
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің бес аймағымен шектеседі. Былтыр көрші елмен сыртқы сауда айналымы 865 млн доллар болса, соның ішінде экспорттың үлесі 22% болды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл өңірде шетелдіктердің қатысуымен 75 кәсіпорын тіркелсе, соның 48-і ресейліктердің үлесінде. Келешекте алыс-беріспен қатар барыс-келісті жақсартуға бағытталған жоспарлар аз емес.
Е.Жылқайдарұлы, тілші:
- Биг бэг, яғни, жұмсақ полипропилен контейнерлер шығаратын мына зауыттың ашылғанына көп болған жоқ. Ресейліктердің қатысуымен құрылған кәсіпорында 40 адам еңбек етеді. Полимер қапшықтар Еуроодаққа жөнелтіледі.
Игорь Авилкин, кәсіпорын директоры:
- Ашылғаннан бері өндіріс көлемі 3 есе артты. Дәл қазір 1 млн дана өнім шығардық. Нарыққа кіргенімізге көп болған жоқ. Келешекте өндіріс қуатын жылына 5 млн данаға дейін арттыруға мүмкіндік бар. Дайын өнімді Польша, Англия, Бельгия, Австрияға шығарып жатырмыз. Және қазақстандық тұтынушылармен де бірнеше келісімшартқа қол қойдық.
Биыл өңірде шетелдіктердің қатысуымен 75 кәсіпорын тіркелсе, соның 48-інде ресейлік капиталдың үлесі бар. Былтыр облыстың көрші елмен сауда-саттық көлемі 865 млн долларға жетсе, экспорт көлемі 22% артқан. Ал жыл басынан бері шекаралас өңірлерге 107 млн доллардың тауары шығарылды. Экономикалық байланыс алда әлде де нығаймақ.
Нұржан Өтепбаев, Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
- Келер жылы көрші өңірлерге барып, облыстың инвестициялық әлеуетін таныстырамыз. Осы бағытта келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қызығушылық жоғары. Бізде қазір Пойма ауылында 281 гектар жерде индустриалды аймақ салынды. Инфрақұрылым тартылды. «Евразия» трансшекаралық сауда орталығында 3 компания тіркелді. Одан басқа шағын өнеркәсіпті аймақ құрып, инвестор тарту жоспарда.
Егер әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекара Ресей мен Қазақстан арасында болса, осы шекараның ең ауқымды бөлігі Батыс Қазақстанға бұйырған. Облыстың шығыс аудандары Орынбормен шектеседі. Самара, Саратов, Волгоградпен де байланыс жоғары. Ал ең шалғайдағы Бөкей Ордасы ауданы Астрахань облысымен шекаралас.
Жанболат Наурызов, кәсіпкер:
-Ресейден әкелсе, тиімді жері жол жақын. 30 шақырым Шоңғай, әрі қарай тағы 30 шақырым. Әрі қарай кілең асфальт Волгоградқа дейін барасың. Сосын арзан, көп арзан.
Алыстан арбалағаннан гөрі жақыннан дорбалағанның тиімділігін түсінетін бөкейордалықтар алыс-берісті нығайтуға мүдделі. Бірақ бөгет боп тұрған өткізу бекеті.
Қазір шекарадағы жеңілдетілген өткізу пунктінен тек Бөкей Орда және Ахтуба аудандарының тұрғындары қатынайды. Басы артық тауарды да өткізе алмайды. Ал Молодость бекетінің дәрежесін көтеріп, мүмкіндігін арттырса, барыс-келіс жақсарады. «Тек сауда-саттық емес Астрахань қазақтарының тарихи отанымен байланысы нығайып, туризм дамитын еді», - дейді елдің естілері.
Бибігүл Жұмағұлова, кәсіпкер:
- Барлығы да осы Молодость өту бекетінің екі жақты болып ашылуын сұрайды. Себебі туризмді дамытуға өте қажет. Тарихи құндылығымызды Бөкей ханнан бері қарай, біздің тек Бөкей Орда құндылығы емес, қазақ халқының құндылығы. Тек Қазақстан емес, көрші Ресейдегі қандастарымыз келу керек, көру керек. Сол бағытта туризмді одан әрі дамытуға үлкен септігі болады.
Батыс Қазақстан облысы Ресейдің шекаралас аймақтарымен сауда-экономикалық байланысты дамытуға қашан да ықыласты.
Авторлары. Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Е. Меңдіғалиев