«Батыр» президенттік полкінің сарбаздары әскери ант қабылдады
Антқа адал, сертке берік болу – сарбаздың басты міндеті. Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында «Батыр» президенттік полкінің 100-ге жуық сарбазы әскери ант қабылдады, деп хабарлайды 24kz.
Жас жауынгерлер елдің Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштерінің әскери бөлімдерінде Отан алдындағы борышын өтейді. Әскери ант қабылдау – ерекше жауынгерлік рәсімдердің бірі. Осыдан бастап сарбаздар Отанды қорғауға, міндеттерін адал атқаруға, әскери істі ынтамен меңгеруге сөз береді. Сонымен қатар сеніп тапсырылған қару мен техниканы дұрыс қолданып, сақтауға жауапкершілік алады. Осыған орай салтанатты шарада жауынгерлер әскери міндетті абыроймен атқарамыз деп уәде берді.
Жәнібек Жамбыл, қатардағы жауынгер:
- Алғаш рет мемлекеттік қызмет туралы жергілікті әскерге шақыру пунктінен білдім. Осы арнайы органда қызмет ету үшін азаматтан талап етілетін бойдың ұзындығы, денсаулықтың саулығы және физикалық дайындықтың жоғары деңгейде талап етілетіндігін білдім. Өзімнің дайын екенімді білдім. Сездім. Кандидат ретінде военкоматқа бардым. Сол жерден Астана қаласына бардым. Астана қаласындағы мандаттық комиссияның шешімі бойынша 0111 әскери бөлімі «Батыр» президенттік полкына өзімнің әскери борышымды өтеу бұйырыпты.