Кентауда жылу қазандықтары жаңғыртылды
Биыл Кентау жылу энерго орталығында 6 қазандықты толық жаңғыртып, екеуіне жөндеу жүргізу үшін республикалық бюджеттен 9 миллиард теңге бөлінген, деп хабарлайды 24KZ. Былтыр ескі қазандықтар істен шығып, тұрғындар қыстан тоңып шықты. Жөндеуден өткен жылу қазандықтары қазір қалай жұмыс істеп тұр? Тұрғындар не дейді?
Жылу энергия орталығындағы жаңғыртудан өткен 4 қазандық пайдалануға берілген. Екі қазандықта ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталса, тағы екеуі әлі жөнделіп жатыр.
Саяхат Саятұлы, Кентау жылу энергия орталығының директоры:
- 3 қазандықпен біз жылу беріп тұрмыз. Ауа райы, график, режим сақтаулы. Тағы 3 қазандығымыз дайын. Күн суытатын жағдайда кезек-кезегімен қоса береміз. Одан бөлек, тағы екі қазандық бар. Біреуі қарашаның 30-ы, екіншісі желтоқсанның 10-ы аяқталады.
Былтырғы жылыту маусымында тұрғындардың тоңып шыққаны рас. Қатты боран кезінде шыдас бермеген қазандықтар істен шықты. Тұрғындар биылғы маусымда ондай салғырттық болмаса дейді.
Бейсенбек Бекназаров, қала тұрғыны:
- Өткен жылы салқын болды. Көрпе жамылып, қалың киіндік үйде. Таңертең қатты суып, қиналып кеттік. Биыл жақсы. Осылай болып тұрса, жаман болмаймыз. Даладан жаурап келгенде үй жып-жылы.
Рашид Расулов, қала тұрғыны:
- Қазір күндіз де, түнде де жылы, ыстық. Келешекте де ыстық болады деп ойлаймын. Былтыр енді әжептәуір салқын болған.
Десек те кейбір пәтерлер әлі дұрыс жылымай жатыр. Коммуналдық сала қызметкерлері: «Тұрғын үйлердің ішкі құбырлары ескірген», – дейді. Тозығы жеткен желіні пәтер иелері жаңартуы тиіс. Бірақ көбінің қалтасы көтермейді. Сондықтан жергілікті билік аз қамтылған, көпбалалы отбасылар тұратын үйлердің ішкі құбырларын демеушілер есебінен ауыстырып жатыр. Жалпы биыл 14 шақырым жылу құбыры жаңартылған.
Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- Қазір біз жылуды артығымен беріп жатырмыз. Мысалы, норматив бойынша 68 градуыс болса, 78 градус беріп жатырмыз. Ешқандай мәселе болып жатқан жоқ. Көп жылдан бері күткен күрделі жөндеуге жеттік. 8 қазандық болады, екі ескі, алты жаңа. Тариф өскен жоқ, бұрынғыдай. Біз бюджет есебінен салдық, оның тарифке қатысы жоқ.
Жылу электр орталығы жылыту маусымында 14 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз етеді. Оның ішінде 350-ге жуық көпқабатты тұрғын үй, 100-ден аса бюджеттік мекеме және 2 мыңнан аса жеке тұрғын үй бар.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.