Балқашта ерекше шебер тұрады

Балқаш қаласының тұрғыны 40 жыл бойы шағын миниатюралар жасаумен айналысады.

Николай Савидовтың 1700-ден астам туындысы бар.

Оларды көзбен көру мүмкін емес. Тек микроскоптың көмегімен ғана тамашалай аласыз.

Адам шашы мен жылқы қылына жазылған нақыл сөздер, ине көзіндегі түйелІ керуен, қылдан қашалған шахмат тастары, дән бетіне салынған суреттер. Николай Саидовтың әр туындысы осындай күрделілігімен таң қалдырады. Ол бір ғана иненің көзіне ұшақтар, аққалалар, пасха жұмыртқалары, өзге планета өкілдері сынды 160-тан астам миниатюраны қойған. Ал жылқы қылынан жасалған шахмат тастары тіпті көзге көрінбейді. Олардың көлемі бір милиметрге де жетпейді.

Николай Савидов, микроформат шебері:

- Бұл туындымды жасауға 1 жылдан аса уақыт кетті. Жылқы қылы адам шашынан бірнеше есе жіңішке. Егер қолымнан түсіріп алсам мүлде таппай қалам. Бұдан бөлек қаншама еңбектерім бар. Оларды жасау үшін мен 60 есе үлғайтып көрсететін микроскоп пен жарықдиодты шамды қолдандым.

Николай Савидов микроформат өнеріне 1983 жылдың қазан айында кездейсоқ келген. Ол жұмыртқа қабығына жылқының темір мүсінін бекітетін шеберлер туралы мақаланы оқып, соны өзі де жасап көреді. 1984 жылы алғашқы жұмысы Мәскеу политехникалық мұражайына қойылады. Кейін өзге күрделі туындыларды жасай бастаған. Ал 2013 жылдың басында өнердегі жаңа бағытты – микроабстрактілі кескіндеу әдісін патенттеген. Таудай талантын, ине көзіне сыйдыра білген шеберлер әлемде 10 шақты ғана. Олардың жұмысы 100-ге жетпейді. Ал балқаштық солақайдың коллекциясында 1700-ден астам туындысы бар. Бірқатары Балқаш қаласының музейінде тұр. 

Меруерт Бегдайырқызы, Балқаш қаласы музейінің қызметкері:

- Музейге келушілердің өте қызығушылығын тудырады. Неге десеңіздер ол кісінің жұмысын тек қана микроскобпен ғана көреуге болады. Мұндай шеберлер санаулы. Қазақстан да жалғыз. Сол қолымен әр түрлі туындылар жасайтын шебер жалғыз Қазақстанда. 

Шебер әлеуметтік желіде өзінің парақшасын ашқан. Оның "Балқаштық солақай" атты аккаунтында 130-ға жуық суреттер бар. 

Николай Савидов, микроформат шебері:

- Барлық фото компьютерлік микроскоптың көмегімен түсірілген. Солардан-ақ менің жұмысымның ерекшелігін көріп, оқырмандар таңқалып жатады. Тіпті көбі Балқашқа келіп көзбен көргісі келетінін жазады. Өте төзімділікті қажет ететін жұмыс. Өмірімді осы өнерге арнадым десем болады.

Автордың бірегей туындылары әлемдік рекордтар кітабына енгізілген. Бірқатар еңбектері еліміздің және Ресей мұражайларында сақталған. Жасы 70-тен асып кеткен шебер әлі күнге сүйікті ісімен құлшына айналысады.

Руслан Нұрланұлы, Зарина Зұлпыхар