Әлемде ауыл шаруашылығы алқаптарының 10%-ы жарамсыз болып қалуы мүмкін
2050 жылға таман әлемдегі жердің 10 пайызы өнім өсіріп, мал жаюға жарамсыз болып қалуы мүмкін.
БҰҰ өкілдері осылай деп ескертіп отыр. Мұның негізгі себебі климаттың өзгеруі. Адамның іс-әрекетінен туындайтын қиындықтар да аз емес.
Жерлердің дәнді дақылдар өсіріп, мал жаю үшін жарамсыз боп қалуының басты себебі климаттың өзгеруі дейді мамандар. Мысалы, БҰҰ-ның дерегінше, Орталық Азиядағы жерлердің 20 пайызы,,,бүлініп барады. Бұл шамамен 80 миллион гектар жер. Салыстырмалы түрде алсақ бұл Қырғызстан аумағынан 4 есе көп. Мұндай қиын жағдайдан өңір халқының 30 пайызы зардап шегуі мүмкін.
Альваро Ларио, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының президенті:
"2024 жыл климаттың өзгеруінің салдары қандай ауыр болатынын көрсетті. Біз әлемде ауыл шаруашылығы өндірісінің қысқарып, содан азық-түлік бағасының шарықтап кеткенін білеміз. Еуропада биыл жазда бидай өндірісі азайып, кейінгі 6 жылдағы ең төмен деңгейге жетті. Апельсиннің ірі өндірушісі Бразилияда осы жеміс биыл аз жиналды. Африканың оңтүстігінде жүгері, ал батысында какао өндірісі азайды."
Климаттың өзгеруінен бөлек ауыл шаруашылығы алқаптарының бүлінуіне химикаттардың көп қолданылуы да әсер етуде. 2000-жылдардың басынан бері оларды пайдалану екі есе артқан. Сарапшылар мәселе көп жағдайда қаржыға кеп тірелетінін де жасырмайды.
Каве Захеди, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басқарма директоры:
"Бізді тек қаржыландыру көлемі ғана емес, сол көмектің қажетті адамдарға жетпей жататыны қатты алаңдатады. Сондықтан климаттың өзгеруінен зардап шеккен шаруаларға қаржының жетуін қадағалап отыруымыз қажет."
Альваро Ларио, Халықаралық ауыл шаруашылығын дамыту қорының президенті:
"Біз қаржы бөлуде шағын шаруа қожалықтарына басымдық беруіміз керек. Өйткені әлемдегі азық-түліктің 35 пайызын солар өндіреді. Бірақ осыған қарамастан бұл фермерлердің алатын қаржылай көмегі,,,климаттың өзгеруінің салдарымен күреске бөлінетін ақшаның бір пайызына да жетпейді."
Мамандардың айтуынша, мұның бәрі аштық қаупін күшейтіп отыр. Былтыр әлемде тойып тамақ ішпейтіндер саны 733 миллион адамға жеткен. Сарапшылардың пікірінше олардың саны арта түспек. Өйткені климаттың өзгеруінен бөлек мәселені Таяу Шығыс секілді аймақтарда геосаяси ахуалдың ушығуы қиындатып отыр.
Жулдыз Атагельдиева, Асель Абдыхалыкова