Германия халқы Димаштың өнеріне тәнті болды

Әнші Димаш Германия жұртшылығын тәнті етті.

"Стрейнжер" атты әлемдік туры Дюссельдорф қаласында жалғасты. Димаш бұл жолы 20 мың адам сыятын алаңда ән шырқап, жаңа әндерінің тұсауын кесті. Сондай-ақ 7 бірдей тілде ән салып, өнердің құдіреті шексіз екенін тағы бір мәрте дәлелдей түсті.

Алманиядағы концерттің әлқиссасы Германия мен Қазақстанның әнұрандарынан басталды.«Менің Қазақстанымды» Димашпен бірге  шырқауды әдетке айналдырған шетелдіктер экрандағы өлең мәтінін бірге айтып тұрды. Аренадағы осы сәтке куә болып, марқайып алдық та, ән әлемінде қалықтай кеттік. 

Алғашқы орындаулардан соң, Димаштың назары сахна жанында қол бұлғаған қаршадай қыз бен анасына ауды. 11 жастағы Габриела ән орындап берсем деп тілек білдіргені сол екен, Димаш оны сахнаға алып шықты. Мыңдаған көрермен алдында Габриела жарады. Димаштың орындауындағы «Аве Мариямен» аренаны тербеп әкетті

Габриеланың орындауы да, Димаштың бала өнерпаз алдына отырып, ықылас білдіруі де, көрерменнің жүрегін елжіретті. Жиналған жұрт ән арасындағы мазмұнды видеоларды да мұқият көріп отырды. Қазақстанның тұмса табиғатынан бастап, тарихи оқиғалары, аңыз әфсаналары баяндалған бейнематериалдар лэд экраннан еліміз жайлы құнды ақпаратты толассыз беріп жатты. Концерт соңында «Талай елшінің жұмысын бір өзің ғана атқарып жүрсің» деп Германиядағы Қазақстан елшісі Нұрлан Онжанов жылы лебізін білдірді. Ата дәстүрге сай ақ батасын берді. 24KZ арнасына берген эксклюзивті сұхбатында Димаш концерттің сәтті өтуінің құпиясымен бөлісті.

Димаш Құдайберген, әнші:

“Шыңғысхан біздің режиссеріміз. Санжай сыбызғышымыз. Бауыржан біздің бишіміз. Рома біздің дауылпазшымыз. Темірлан мен Ернат біздің домбырашыларымыз. Мансұр өзінің композицияларымен менің кешімді көркейтті. Олжас біздің қобызшымыз. Ерлан Бекчурин саунд продюсер. Расул Усманов біздің бэквокал орындаушымыз. Сол, жігіттердің арқасы. Ең бастысы, елдің үкілеген үмітін арқалап, жер жаһанға біздің мәдениетімізді, талайдың жүрегін әуелетіп жүрген әдемі әуезді әнімізді көрсетсек деген сондай ғана ниетпен келдік. Көрерменге ұнады деген ниеттеміз. Қуаныштымыз!»

Көрермендер де қуанышын жасырмады. Бірі әннен жанға дауа тапса, енді бір елге деген сағынышын басып жатты.

Лена Монд, фотограф, Димаштың жанкүйері:

- Концерт тамаша болды. Одан алған сезіміміз керемет.  Алина екеуміз кеш бойы фотограф болып қызмет еттік. Жұмыс барысында Димаштың энергиясына тәнті болдық. Тіпті бірге суретке де түсіп үлгердік.

Алина Пророка, фотограф, Димаштың жанкүйері:

- Алты октавалық даусына да, шығармашылығына да талай жылдан бері тәнті болып келемін. Оның репертуарындағы «Любовь уставших лебедей» әні төрт жыл бұрын қайтыс болған күйеуімнің қазасынан есімді жиюға көмектесті. Сол сәттерден бері Димаштың өнерінен қолдау тауып келемін.

Айнәр Дәрменқызы, қазақстандық студент:

- Өзім сонау Германияның оңтүстігі Бодензеедан, Констанц қаласынан келіп отырмын. Бірталай жер. Сол Димаш үшін келіп, өзімнің елімнің, қазақ тіліндегі өлеңдерін тыңдап, біраз рухым көтеріліп, өзімді тамаша сезініп тұрмын.

Ян Бюренгер, Димаштың жанкүйері:

- Мен Димаштың музыкалық шеберлігіне тәнтімін. Үш сағаттан аса тоқтаусыз өнер көрсетті. Бұдан оның өнерге деген махаббатын байқауға болады. Адам сенгісіз құштарлық қой. Cоңғы төрт жылда үзбей тыңдап, тұрақты тыңдарманына айналдым.

Қазақтың қара домбырасы, қазынаға бай ән мұрасы, тілі, тарихы жиналған жұрттың назарын 3 сағат бойы ұстап қана қоймай, оны үйренуге ынталандыруы – иісі қазаққа біткен абырой.

Ердана Ержанұлы, Павел Рубан