Британия суасты роботын құрастырып жатыр

Ұлыбританияда жасанды интеллект негізінде автономды су асты роботы құрастырылып жатыр.

Құлтемір қолайсыз күн райына бейімделіп, соған сай әрекет етеді. Су астындағы құрылғыларды бақылауға, ақауларды анықтауға және жөндеу жұмыстарына көмектеседі.

Ұлыбританияда 2 600-ден астам жел электр станциясы құрылғылары орнатылған. 2030 жылға қарай олар өндіретін қуат 4 есе артады деп жоспарлануда. Әрбір құрылғыға жылына үш ретке дейін техникалық қызмет көрсетілуі тиіс. Құрылыстардың ескіруіне байланысты уақыт өте келе қызмет көрсету жиілігі де артады. Ал осындай жел электр қондырғыларын жөндеуге арналған жаңа роботтың құны 1 миллион 700 мың доллар. Жоба авторларының айтуынша, жаңа су асты құлтемірі теңіз дауылдарында жоғары дәлдікпен жұмыс істей алады.

Иван Петийо, Хериот-Уатт Университетінің робототехника профессоры:

- Келешекте бүкіл әлемде көптеген жел электр станциялары орнатылады. Оларды теңізде күтіп-баптау қажет. Қазіргі таңда осы жұмыстар үшін үлкен кемелер мен көп адамнан құралған үлкен команда жұмыс істейді. Ал біздің туынды – қашықтан басқаруға болатын автономды робот. Бірнеше осындай робот аз құраммен кең ауқымды жұмыстарды орындауға қабілетті.

Ақылды жүйе 3D-локациясын пайдаланып, су астында карта құрады. Бұл оған жөндеуді қажет ететін компоненттерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Құрылғыға орнатылған датчиктер роботтың Солтүстік теңіздің дауылды толқындарында да жоғары дәлдікпен жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. 

Джонатан Шарфф Уиллнерс, әзірлеуші компанияның бас директоры:

- Пиксельдерде жасырылған, адам көзі көре алмайтын мәліметтерді біз компьютерлік көру алгоритмі арқылы тиімді жолмен аламыз. Бұл әдіс бізге су астындағы көзілдірікті қолданған адамға қарағанда бірнеше есе жақсырақ көру мүмкіндігін береді.

Дэвид Моррисон, жоба менеджері:

- Жоба қоршаған ортада қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Біз адамдарды осы қауіпті жағдайлардан құтқарудың жолдарын іздеп жатырмыз. Шешімін таппаған мәселелердің бірі — қажетті тексерулерді үнемі жүргізіп отыратын мамандардың тапшылығы.

Қазіргі уақытта инженерлер роботқа арналған механикалық қол әзірлеуде. 2025 жылдың басында серіктестермен бірге теңізде сынақ өткізу жоспарымыз бар, дейді жоба авторлары.

Динара Орынтай