Синтетикалық есірткі сатумен айналысқан қылмыстық желі жойылды

Жыл басынан бері елде 3,5 мың есірткі қылмысы тіркелген.

Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, синтетикалық есірткілердің таралуы артқан. Осыдан 5 жыл бұрын заңсыз айналымнан 10 келі тыйым салынған зат тәркіленсе, қазір 1 жылдың ішінде ол 1 тоннадан асқан. Есірткі қылмысына қарсы күрес қалай жүріп жатыр?

Астана мен Алматыда синтетикалық есірткіні жасап еліміздің ірі қалаларында сатумен айланысқан 14 күдікті ұсталды. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, қылмыстық топ психотропты заттарды саудалаумен ғана емес, сонымен қатар есірткі жасайтын зертханаларға қажетті қондырғылар мен реагенттерді жеткізумен де айналысқан.

Данияр Мейірхан, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары:

- Ұстау барысында 3 есірткі зертханасы, 2 интернет дүкені жойылды. 1 тонна 750 литр компонент, оның ішінде өткізуге дайын 30 кг «мефедрон» және «альфа-PVP» есірткілері тәркіленді. 

Ірі көлемде есірткі затымен ер адам ұсталды 

Ал Астананың шағын аудандарының бірінде полицейлер 53 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Тінту барысында күдіктіден 500 граммнан астам гашиш табылған. Ер азамат есірткі затын елордада сату үшін арнайы Жамбыл облысынан әкелген екен. Жалпы жыл басынан бері Астанада тәртіп сақшылары 300 келіден астам есірткі затын тәркілеген. Бұдан бөлек тыйым салынған өнімдерді интернет арқылы саудалауға қарсы күрес жалғасып жатыр. Бүгінде 200-ге жуық осындай сайт бұғатталған. 

Әлия Қибатқызы, Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Бұл жерде қазіргі проблемалардың бірі синтетикалық есірткі заттарын сату мен жарнамалаумен айналысатын тұлғаларға қатысты. Осыған қатысты біздің полицейлермен 19 қылмыстық іс қозғалды. Сондай-ақ 5 тұлға уақытша ұстау изоляторында отыр. 

Есірткі заттарын жарнамалағандар ұсталды

Есірткі жарнамасымен ұсталғандардың екеуі 19 жастағы елорда тұрғыны. Оның біреуі заңсыз интернет-ресурстарының мекен жайлары жазылған жарнамалық қағаздармен қолға түскен. Ал екіншісін тәртіп сақшылары көпқабатты тұрғын үйдің ауласында ұстады. Күдікті жасырған жерден полицейлер марихуана салынған түйіншек тапты. Тағы қолған түскен азаматтан электронды таразы мен жарнамалық қағаздар тәркіленді.

Петропавл

19 жастағы студент қыз есірткі таратты деген күдікке ілінді

- Вы вместе с водителем получается задержаны за незаконный оборот наркотических средств.

Ал бұл Петропавлда синтетикалық есірткі затын таратты деп күдікке ілінгендер. 32 жастағы қала тұрғыны мен 19 жастағы студент қыз екеуін полицейлер ер адамға тиесілі көлікте ұстаған. Тінту барысында машинадан 39 түйіншек табылды. Тағы 72 түйіншек күдіктілердің өздерінен тәркіленген.

Жангелді Әпенов, Петропавл қаласы Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы:

- Алынған заттар жалпы салмағы 129 грамм тұз және мефедрон синтетикалық есірткі заттарына жатады. Ұсталған адамдардың әрекеттері 297-бап 3-бөлім психотропты заттарды өткізу мақсатында аса ірі мөлшерде заңсыз сақтау бойынша қарастырды.

Көкшетау

Синтетикалық есірткі таратқан 2 азамат ұсталды

Өз ісін есірткі бизнесінде өрге домалатқысы келген 2 ер адам Көкшетау қаласында ұсталды. Тінту барысында олардан психотропты заттар салынған 25 түйіншек табылған. Олардың жалпы салмағы 17 граммға жетеді. Полицейлердің сөзінше, күдіктілер есірткі курьері қызметіне мобильді қосымша арқылы енді ғана орналасқан. Қазір олардың заңсыз әрекеттеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Кінәлері дәлелденсе, онда қос азамат 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Риат Шони