Жиһаз саудасында алаяқтық көбейіп барады
«Жиһаз жасағыңыз келсе, сілтемеге өтіңіз!»
Әлеуметтік желіде мұндай жарнаманың түр-түрін көреміз. Бірақ тапсырыс берген мүлкін дер кезінде қолына ала алмай жүргендердің қарасы қалыңдады. Қазір онлайн саудада алаяқтық артып барады. Биыл 18 мыңнан астам интернет-алаяқтық ісі тіркелген. Бір ғана Астананың өзінде 105 адам құйтырқы әрекет етушілердің арбауына түсті.
Астаналық Гүлден Омарованың жасы 60-тан асқан. Бейнеттің зейнетін көрер шағында алаяқтың арбауына түсіп отыр. Қызына сыйлық ретінде жиһаз алып беруге ниеттенген ана, несиеге бой сұғады. Алайда ақша да, жиһаз да жоқ. Компания өкілдері оны сан соқтырып кеткен.
Гүлден Омарова, қала тұрғыны:
- Былтыр қазанда жиһаз аламын деп 600 мың теңгеге несие рәсімдедім. Жуырда оның ай сайынғы төлемі бітеді. Жиһазды алмадым. Сөйтіп алаяқты сотқа бердім. Соттың шешімі қолымда тұр. Ол бізге не жиһазды, не ақшаны қайтаруы керек. Бірақ қашып жүр. Заңды белшесінен басады. Бірақ оны қадағалап жатқан ешкім жоқ.
Зейнеткердің айтып тұрған мына Берік есімді азаматпен біз де жолықтық. Бірақ ол сұхбат беруден бас тартты. Негізі оның арбауына 30-ға жуық адам түскен. Оның ішінде көпбалалы ана Алмас Жақанова да бар. Былтыр ол Берік басқаратын компаниямен 1 миллион 200 мың теңгеге келісімшарт жасап, жиһаз алуға келіскен. Баяғы схема бойынша алаяқ, тұтынушылардың ақшасын да, жиһазын да көзіне көрсетпеген. Ал келісім-құжаттарының жалғандығы анықталды.
Алмас Жақанова, қала тұрғыны:
- Менің қолымда соттың шешімі бар. Ол менің берген 1 миллион 200 мың теңгемнің үстіне пайыз қосып қайтаруы қажет. Берікке күніне бірнеше рет хабарласып, соттың шешімін еске саламын. Бірақ нәтиже жоқ. Бізге тек әділеттілік керек. Ақшамызды қайтарып берсін.
Берікке алданғандар бір-бірін әлеуметтік желі арқылы тауып, прокуратураға ұжымдық арыз түсірген. Нәтижесінде азаматтық сот болып, компания басшысына қатысты тиісті шешім қабылданды. Бірақ тұтынушылардың құқығы әлі де тапталып отыр. Жапа шеккендер мұнымен тоқтамаймыз, дейді.
Елена Соколова, қала тұрғыны:
- Заңгерлерге қайта жүгінуге мәжбүрмін. Қазір іс қайта қаралып жатыр. Бұл жолы қатаң заңмен ісімізді қарап, алаяқтың қашып кетпеуін талап етуіміз қажет. Себебі оның жиһаз жинайтын компаниясы әлі де жұмыс істеп тұр. Одан қалды әлеуметтік желілерде дүкенінің жарнамасын жасап келеді.
Дамыған заманда азаматтар ғаламтор арқылы қажетті затына тапсырыс береді. Осылайша сан соғып қалатындардың қатары жылдан жылға артып жатыр.((ГРАФИКА)) Бас Прокуратураның дерегінше, былтыр 44 мыңнан астам осындай факті тіркелген, оның 21 мыңы – интернет-алаяқтыққа жатады. Ал биыл оның саны 18 мыңнан асты. Сотқа 14 мың іс жіберілді. 5714 адам сотталды. Материалдық шығын жүздеген миллиард теңгеге жеткен. Зардап шеккендерге 37 миллиард қайтарылған.
Қазақстан бойынша алаяқтық істер
2023 жылы
44 786 іс – 21 777 интернет-алаяқтық
2024 жылы
39 059 іс – 18 099 интернет-алаяқтық
14 418 іс қаралды – 5714 адам сотталды
Абзал Әмірхан, қалалық прокуратура басқармасының прокуроры:
- Астанада жиһаз өндірісі саласында алаяқтардың әрекеттерінен 105 адам зардап шекті. Оның ішінде 33 адам интернет алаяқтардың құрбаны болды. Қазіргі уақытта сотқа 43 қылмыстық іс жолданды. Бүгінгі күні қылмыстық қудалау органдарының өндірісінде 62 мың қылмыстық іс қарастырылып жатыр. олардың әрқайсысы бойынша күдікті тұлғаларды анықтау үшін шаралар қабылдануда. Барлық бұл қылмыстық істер қалалық прокуратураның ерекше бақылауында.
Осындай түрлі жағдайларға байланысты тұтынушылардың құқығы бойынша қолданыстағы заңның әлсіздігін байқауға болады. Сондықтан жуырда Мәжіліс депутаттары бұл құжатқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесін қарады. Ол бірінші оқылымда мақұлданды.
Светлана Романовская, "Қазақстан тұтынушылар лигасы" қауымдастығының" ЗТБ басқарма төрағасы:
- Жаңартуға ұсынылған заң жобасынша бірнеше жаңа норма қарастырылған. Егер белгілі бір дүкен иесі, жеке кәсіпкер ретінде ресми тіркелмеген болса да, онда ол бәрі бір заң алдында жеке кәсіпкер ретінде жауап беретін болады. Қазір тұрғындардың бұл іске салғырт қарайтынын мойындауымыз керек. Себебі кәсіп иесін дұрыс тексермей жатып келісімшарт жасасады. Немесе қолмен жазылған сенімхатқа сенеді. Бірақ бұл дұрыс емес. Қандай да бір қызмет түрін қолданғанда, оны әбден тексеріп алу қажет.
Сондай-ақ жаңа нормаға сәйкес, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі «омбудсмен институты» енгізілуі мүмкін.
Альмира Оразбай, Руслан Алиев