Елімізде теміржол вагондарының 61%-ы тозып тұр
Елдегі жүк тасымалының көлемі 3,5%-ға өскен, деп хабарлайды 24kz.
Он айда отандық тасымалдаушылар 263 млн тонна жүк жеткізген. Дегенмен салада ілкімді істермен қатар іркілістер де бар. Бүгін Олжас Бектенов бастаған Үкімет мүшелері саладағы түйіні тарқамаған түйткілдерді талқылады.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Теміржол көліктері тозып тұр. Мәселен, елде екі мыңға жуық локомотив бар болса, оның 61%-ы ескірген. Сол себепті саланың іргелілеуінде іркіліс бар. Жауаптылар олқылықтың орнын толтыру үшін биыл 185 тасымал көлігін сатып алған. Алда тағы төрт жүзден аса локомотив қолданысқа қосылады. Сондай-ақ жолаушылар вагондарын жаңалау және көбейту де күн тәртібінде. Елдегі операторлар 2029 жылға дейін мыңнан аса вагон сатып алуға міндетті. Олжас Бектенов осындай тапсырма берді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекет басшысы Қазақстанды толыққанды көлік логистикалық хабқа айналдыру бағытында міндеттер қойды. Алға қойған мақсаттарға жету үшін біз қолданыстағы теміржолдар мен логистикалық орталықтарды жаңғыртып, жаңаларын салып жатырмыз. Бұл еліміздің көлік жүйесінің тиімділігін оның өткізу қабілетін барынша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өздеріңіз білетіндей, ОА елдерінің көпшілігі инфрақұрылымын дамытып, халықаралық көлік бағыттарындағы ойыншылардың қатарынан орын алуға талпынып отыр.
11 мың шақырым теміржол жөнделеді
Жиында көлік министрі теміржол төсеуде тындырымды істер бар екенін айтты. Қазір мың шақырымды шойынжол салу қолға алынған. Сондай-ақ 2029 жылға дейін 11 мың шақырым теміржол жөнделеді. Жобалар жүзеге асса, жүк және жолаушы тасымалдау көлемі артады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Бұл жобаларды іске асыру Достық станциясының өткізу қабілетін жылына 35 млн тоннаға дейін ұлғайтуға, Алматы станциясы арқылы жүк өткізу уақытын қысқартуға, Сарыағаш станциясын босатуға және Орталық Азия мен Қытай бағыттарындағы инфрақұрылым қабілетін әрқайсысын 20 млн тоннаға артыруға мүмкіндік береді.
Шекаралық теміржол бекеттері ұлғаяды
Қазақстан теміржол қатынасында 5 елмен шекараласады. Бізде 27 пункт арқылы жүк және жолаушы өтеді. Дегенмен салаға серпіліс керек-ақ. Себебі станциялардың өткізу қабілеті шектеулі.
Нұрлан Сауранбаев, «Қазақстан темір жолы» ұк басқарма төрағасы:
- Өткізу пункттеріндегі проблемалар шешіліп жатыр. Ағымдағы жылы Орталық Азиядағы елдер бойынша мәселені шештік. Сарыағаш өткізу пунктінің пойыз айырбастауы 50% өсті. Бір күн ішінде 24-тен 36%-ға дейін. Пойыз айырбастау мүмкіндігіміз әлі бар. Болашақ көлемдер үшін жаңғырту бойынша тиісті жол картасын іске асырып жатырмыз.
Сондай-ақ транскапийлік тасымал жайы да сөз болды. Биыл мұндағы жүк жеткізу көлемі 68%-ға артқан. Бас-аяғы теңіз арқылы 4 млн тоннаға жуық зат тасымалданған.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Транзиттік контейнерлік тасымалдар да 2,7 есеге артты. Бұл ретте Қытайдан келетін транзиттік контейнерлік тасымалдардың 25 есеге артқанын атап өткен жөн. Оған былтыр Сиань қаласында құрылған Қазақстан – Қытай бірлескен терминалы үлкен ықпалын тигізді. Жалпы дәліз бойында қазақстандық терминалдар желісі қалыптасып келеді. Сиань қаласындағы терминалға қосымша Поти портында да қазақстандық жеке терминал іске қосылды.
Бұған қоса, отырыста автокөлік арқылы жүк тасымалдаудың әлеуеті айтылды. Тоғыз айда транзит көлемі 40%-ға, экспорт, импорт 20%-ға өсіп, 11 млн 800 мың тонна жүк тасымалданған.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ербол Даиров