Балабақшаларға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіледі

Бүгінде мемлекет тарапынан бөлінетін қаражат отандық балабақшаларға бағытталып жүр, деп хабарлайды 24kz.

Бұдан былай бұл ақша балалар арасында бөлінеді. «Ваучерлік қаржыландыру мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыс сапасын арттырады», -  дейді мамандар.

Мәселен, Түркістанда 2 апта ішінде 800-ге жуық ваучер беріліп, балабақшаларға кезек азайды. Қаржы ұйымдарға емес, ата-аналардың арнайы шоттарына ғана аударылады. Өз кезегінде олар баласын қай балабақшаға беруді өздері таңдайды. Мәселен, Таразда бірнеше жыл бойы кезекте тұрған 23 мыңнан астам бала жоғарыда аталған жүйенің арқасында балабақшамен қамтылды. Тізімге бұрын мемлекеттік тапсырыс алмаған 19 қалалық мекеме кірді. Екі ай ішінде 600 млн теңге үнемделді.

Еламан Ілияс, «Қаржы орталығы» АҚ департаментінің директоры:

- Қазіргі уақыттағы методология бойынша балабақшаға барған балалар екінші балабақшаға ауысу үшін қайтадан кезекке баруға тиіс. Ал, ваучерлік механизмде қазіргі уақытта балабақшаға барып жүрсе, ол ваучер алушы болып саналады. Кез келген балабақша арасында ауысып жүре алады. Қазір жастар көп қой, бір ауданнан екіншісіне көшетін. Сол кезде балабақшаны ауыстыру қолайлы болады ата-ана үшін.

Ақша тікелей балаға бөлінген соң мектепке дейінгі ұйымдар қызмет көрсету сапасын өздері үшін жақсартады. Кері жағдайда балалар саны кемісе, мемлекеттен қаржыландыру көлемі де азаяды. Бұл жерде нарықтық әділ бәсекелестік қағидаты күшіне енеді.

Балалар саны бойынша жалған ақпарат беретін ұйымдардың барын естіп жатамыз. Оларға қатысты қандай шара қолданылады?

«Қаржы орталығында» балабақшалар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесі бар. Адал қызметтен ада ұйымдарға қатысты анықтау жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы «Қаржы орталығының» департамент директоры Еламан Ілияс өз сұхбатында айтты.

Еламан Ілияс, «Қаржы орталығы» АҚ департаментінің директоры:

- Тәуекел топтардың көбі айтып отырады ғой, осы жерде балаларды жалған түрде жазып қояды. Орысша айтқанда, приписка. Ондай фактілер бар. Ол қазіргі уақытта да анықталуда. СУР деген жүйе бар. Сол арқылы барлық тәуекелдерді анықтап, осындай жалған тіркелген балалардың ваучерлерін алып, кезекте тұрған балаларға беру есебінен біз кезектің алған жылжуын іске асырамыз. Және де жұмыс істеп жатқан жастар осы кезек жылжығанның есебінен оларда еңбек өнімділігі артады деген ойдамыз.

Елде мектепге дейінгі білім беру ұйымдарының жалпы саны 12 мыңға жуықтайды. Оның ішінде бес жарым мыңы мемлекеттік болса, 6 мыңнан астамы жеке. Жасы екіден асқан балаларды қамту көрсеткіші 91% жоғары.