Шымкенттегі барлық балабақшаға ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілді
Жаңа әдістеме пилоттық жоба ретінде сынақтан сәтті өтіп, ата-аналар үшін сапасы жоғары мектепке дейінгі ұйымды таңдауға мүмкіндік берген, деп хабарлайды 24kz.
Сала мамандары бұл өзгерістерді ашықтық пен бюджет қыражатын тиімді жұмсауға септігін тигізетінін айтады.
Ваучерлік қаржыландыру әдістемесі №95 балабақшада сәтті жүзеге асырылды. Қазір 300 орынға арналған мемлекеттік мектепке дейінгі ұйым баламен толық қамтылып, олардың ата-аналарына жаңа жобаның тиімділігі түсіндірілді. Сондықтан мұндағы мамандар жолдама толық игерілгендіктен, қаржыландыру ісінде де қиындық болмайды деп сенеді.
Ақмарал Байдеуова, қалалық №95 бөбекжай бақшасының әдіскері:
- Бәріміз дайын болдық. Өткені біз мемлекеттік бақша болғандықтан, бізге қандай жүйе қойылады, қандай тапысырма қойылады, соны орындаймыз. Яғни, балабақша нақты баласының келген күніне бөлініп жатқан қаржыны алып отырады. Бәрі ашық түрде. Бізге ол ешқандай әсерін тигізбейді. Өйткені қалай бізге мемлекеттен қаржы бөлінді, солай бөлініп отырады.
Жас ана Әлия Керімбай балаларын өзі қалаған мектепке дейінгі білім беру ұйымына берді. Айтуынша, цифрлық жүйеде оның педагогикадағы еңбек тәжірибесі мен жарының әскери саладағы анықтамасы ескеріліп, жолдама беру тәртібі жылдам қаралған. «Ал баласының бақшаға бармаған күндерін онлайн бағдарламада растау анағұрлым оңай», - дейді.
Әлия Керімбай, қала тұрғыны:
- Табельді көреміз. Баланың келген, келмеген күндерінің бәрі көрсетіліп тұрады. Менің ойымша, өте қолайлы. Себебі келіп, кетіп жүрудің қажеті жоқ. Тек қана телефонмен бір ұсыныс арқылы бәрін көріп, тексеріп отыра береді ата-аналар.
Аймақтағы балабақшалар арасында білім беру сапасын жақсарту үшін бәселестік қызды. Себебі енді ата-аналар жаңа жобаның шарттарына сай бюджеттен бөлінген жолдамаға кезекке тұрып, қалаған бөбекжай бақшасын таңдай алады. Жалпы қаладағы 625 ұйымда 73 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр.
Салтанат Өтемісова, қалалық білім басқармасына қарасты «Мектепке дейінгі дамыту орталығының» директоры:
- Дербестендірілген қаржыландырудың нәтижесінде еңбек шығындарын азайту бірінші. Ата-аналар білім беру ұйымдарын толығымен дербес таңдауы. Мектепке дейінгі ұйымдардың ең бастысы – сапасы артады және кедергісіз қаржыландырылады. Ең бастысы – сыбыйластыққа жол берілмейді.
Әр бала жүйелі әрі жан-жақты білім алуға лайықты. Аймақ тұрғындары пилоттық жоба саладағы жауапкершілікпен қатар балабақша кезегінің жылжуына да оң әсер етеді деп сенеді. Себебі қалада әлі 7 мыңнан астам бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылмаған. Биыл Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларында сынақтан өткізілген жоба келесі жылдан бастап елдегі барлық ұйымға енгізілуі мүмкін.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы