Еліміздің теңіз жаяу әскеріне 700-ден астам сарбаз қабылданды

Биыл күзде Алматы, Абай, Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау өңірінен әскерге шақыртылған жастар ант қабылдады, деп хабарлайды 24kz.

Енді олар Ақтау қаласы және Бейнеу ауылында шоғырланған әскери бөлімде мерзімді қызмет атқарады. Бір айлық тактикалық арнайы дайындықтан өткен жауынгерлер теңіз бригадасы, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базасы, барлау полкіне бөлінді. Жас сарбаздардың жақындары салтанатты шарадан соң қару-жарақ көрмесін тамашалап, әскери бөлімдер басшылығымен еркін форматта өткен кездесуге қатысты.

Алмас Дәулетбек, Гвардия қатардағы жауынгері (ШҚО):

- Ант беру өте жоғары деңгейде өтті. Мен және менің қарулас достарым бұл іс-шараға белсене атсалысып, Отан алдындағы міндетін, Қазақстан Республикасын қорғауға деген жеке жауапкершілігін сезінді. Әскер ер-азаматтың үлкен міндетін шыңдайтын жоғары оқу орны деп қабылдауға болады.