Уфада Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумы ашылды

Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл – екі елдің экономикалық, мәдени және гуманитарлық байланысын сақтау және дамыту мақсатында жыл сайын өткізілетін іс-шара. Форум 20 жыл ішінде Ресей мен Қазақстанның іскерлік топ арасында өзара тиімді стратегиялық әріптестікті бекітуге арналған дәстүрлі алаңға айналды. Биылғы басқосуда тараптар қандай мақсат қойып отыр?

Дана Нұржан, тілші:

- Екі күн бойы Қазақстан мен Ресейдің өңірлер арасындағы сауда-экономикалық әлеуетін жүзеге асыру, оларды кеңейту және өнеркәсіптік кооперацияларды жетілдіру мәселелері талқыланады. Айта кететін жайт, былтыр Қазақстан мен Ресейдің XIX өңіраралық ынтымақтастық форумының қорытындысы бойынша бес аймақаралық құжатқа және 83 млн доллардан асатын келісімге қол қойылды. Биылғы іс-шарадан да үміт зор. Мерейтойлық форумның қорытындысы бойынша екі ел арасында өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастық бағдарламасы рәсімделеді деген жоспар бар.

Биылғы форумның өтетін орны арнайы таңдалған. Қазақстан мен Башқұртстанның ежелгі тарихи байланыстары бар. Бүгінде екі арадағы экономикалық қарым-қатынас берік. Қазақстан Башқұртстанның үш жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Төрт жыл қатарынан өзара сауда артып келеді. 2022 жылы Башқұртстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 10%-ға өсті.  Былтыр тағы 4%-ке ұлғайды. Қазақстандық бизнестің басты мақсаты – тауарларын Ресей нарығына шығару.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

- Экспорттық әлеуетіміз зор. Он жылдың аясында біздің өңделген экспорттың көлемі 2,3 есе өсті.  Бұл өте үлкен көрсеткіш біздің министрлік үшін, еліміз үшін. Дегенмен, әлі де әлеуеті зор. Сондықтан бұл жерде форумдарды ұйымдастырып, экспортқа шығаратын тауарларды көрсетіп, осы жақтағы тұтынушыларды табу мақсатын алдымызға қоямыз.

Радий Хабиров, Башқұртстан басшысы:

- Біздің Қазақстанмен қарым-қатынасымыз ерекше. Тамырымыз, дәстүріміз ортақ. Сондықтан бір-бірімізді жақсы түсінеміз. Көптеген қазақстандық кәсіпорындарға біз шығаратын құрал-жабдықтар қажет. Сонымен бірге біздің де көптеген кәсіпорындарымызға қазақстандық техника керек. Сондықтан өнеркәсіптік еңбек бөлінісі мен өндірістік кооперация қазір айтарлықтай тиімді.

Форум аясында Орынбор облысы Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарымен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасап, Новосібір және Павлодар облыстары бірлескен даму бағдарламасына қол қояды. Ресей 2030 жылға қарай Орынбор облысындағы төрт автомобиль өткізу бекетін жаңғыртуға 10 млрд рубль инвестиция салуды жоспарлап отыр. Арнайы экономикалық аймақта жеті логистикалық орталық салынып жатыр. Бұл жерде негізгі қарастырылатын мәселелер – өзара тауар айналымын арттыру, қосылған құны жоғары тауарлар шығару, бірлескен кәсіпорындар құру.

Дмитрий Вольвач, Ресей экономикалық даму министрінің орынбасары:

- Бұрыннан қалыптасқан бизнес бағыттары бойынша жұмыс істейміз: логистика, мұнай-химия, тыңайтқыштар, IT секторы, жастар кәсіпкерлігі – мұның бәрі Ресей мен Қазақстанның инвестициялық және сауда ынтымақтастығының күн тәртібінде. Бірлесіп, екі ел кәсіпкерлеріне сыртқы нарықты игеру жеңіл әрі тиімді болатынына сенімдімін.

Ертең Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген кезде екі елдің басшысы Уфадағы форумға бейнебайланыс арқылы қосылады деп күтілуде.

Авторлары: Дана Нұржан, Шахзод Гамиров