Атырау облысында қарасан ауруына қатысты тексеру жүргізілді

Облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары мал сою орындары мен ірі базарлардан, сондай-ақ шағын сауда нүктелерінен 700-ден аса сынама алған, деп хабарлайды 24KZ. Жауаптылар қауіптің жоғын айтады. Сонымен қатар қазір қалаға кіреберісте 4 бекет орнатылған. Онда келген малдың құжаты мен жағдайы тексеріледі. Тиісті құжаттары жоқ төрт түлік кіргізілмейді.

20 қараша күні қаладағы мал базарының бірінен сиырдың қарасан ауруын жұқтырғаны анықталған еді. Қазір базар карантинге жабылып, мал күтімімен айналысқан және қарым-қатынаста болған адамдар бақылауға алынды.

Жасұлан Бисембиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Атырау облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментімен бірлесе отырып, біз етті тасымалдайтын, ет соятын, ет саудасымен айналысатын 66 нүкте анықталған. Соңғы күндері СЭС департаментінің мамандары мен ветеринарлық инспекциясы бірлесіп, барлық аталған 66 нысаннан сынамалар алған болатын. Соңғы қорытындылар кеше шықты. Қазіргі таңда барлық анықталған 66 нысанда ешқандай вирустың ізі анықталған жоқ.