ШҚО-да автоматты жүйе қар көшкінінің алдын алады

Шығыс Қазақстан облысында таулы аудандарға орнатылған автоматты жүйе қар көшкінінің алдын алады, деп хабарлайды 24KZ. Бірегей жоба өңірде алғаш рет іске асып отыр. Ақылды қондырғы Өскемен – Таулы Үлбі бағытындағы қардың қалыңдығына мониторинг жүргізеді. Құтқарушылар климаттық өзгерісті онлайн режімде бақылай алады.

Жалпы өңірде көшкін жүруі мүмкін 500-ге жуық ошақ бар. Соның 300-ден астамы мамандардың бақылауында.

Былтыр таулы аймақта 9 рет қар көшкіні жүрген. 45 рет жол қозғалысын жабуға тура келіпті. Жалпы облыста көшкін қаупі жоғары 497 учаске болса, соның 300-ден астамы мамандардың жіті бақылауында. Оның 100 шақырымдай бөлігі үлкен жолдың бойында. Сондықтан сақтық ретінде былтыр 100 рет жасанды қар түсіру шарасы жүргізілді.

Өңірде дайындық шарасы күшейді. Елімізде алғаш рет қар қабатына мониторинг жүргізетін автоматты жүйе орнатылды. Ғалымдар мен «Қазселденқорғау мекемесінің» бірлескен жобасы арқылы қар құрамына қатысты өлшемдер өзгерісін онлайн бақылауға болады. Енді бұл ақылды құрылғы Таулы Үлбі бағытындағы тау арасында тұрып, қауіпсіздік үшін қызмет етеді.

Ольга Петрова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғылыми қызметкері:

- Осыған ұқсас құрылғы Алматы жақта бар. Бірақ біздің жүйемен айырмашылығы жер мен көктей. Біз бұл аппаратқа сәйкес деректерді талдайтын арнайы алгоритм құрдық. Қардың ылғалдылығы, деңгейі, өзгерісі – бәрі тіркеледі. Яғни, нақты мәлімет береді. Ол ақпараттар серверлік орталықққа жинақталып, бірден тиісті мекемеге жолданады.

Арман Наурызбаев, облыстық ТЖД басқарма бастығы:

- Бұл сөзсіз тиімді жоба. Біз осы автоматты жүйенің арқасында оқыс жағдайдың алдын алып, жедел әрі жан-жақты шешім қабылдауға мүмкіндік аламыз.

Бұл автоматты жүйенің Өскемен – Таулы Үлбі жолына орнатылған себебі қыс мезгілінде демалушылар саны артады. Ал олардың қауіпсіздігі басты назарда.

Советбек  Станбеков, «Қазселденқорғау» ММ ШҚО филиалының басшысы:

- Осы аумақта бізде 26 қар көшкіні ошағы тіркелген. Демалыс мейрам күндері 3 мың адамға дейін демалады бұл жерде. Осы жаңа заманауи қондырғы алдағы уақытта қар көшкіні ошақтарындағы әрбір өзгерісті жедел және тез бақылауға мүмкіндік береді.

Заманауи құрылғысы жоқ шалғайдағы құтқарушылар да сақ отыр. Мәселен, Алтай ауданындағы «Қазселденқорғау» мекемесінің бөлімшесіндегі мамандар күн райын сағат сайын бақылайды. Өйткені аймаққа қар қалың түседі.

Инженер гидролог Любовь Мочалова талай рет омбы қардың ортасына барып, сынаманы қолмен-жинап, болжам жасап жүр.

Любовь Мочалова, инженер гидролог:

- Қарды бір бөлігін кесіп алып зерттейміз. Оның кристалдық сипатына, түр-түсіне, ылғалдығына ерекше мән береміз. Егер құрамында жоғары температура байқалса, көшкін жүретін кез алыс емес деген сөз. Ондай көрсеткіш көбінесе сәуір айларында тіркеледі.

Қар көшкініне қатты дыбыс немесе жарылыс та ықпал етуі мүмкін. Дегенмен көбінесе ауа температурасындағы өзгерістер себепші болады. Сондықтан құтқарушылар жолаушыларға сапарға шығарда дауылды ескертулер жайлы хабарламаларға мұқият болуды ескертеді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.