Түркістан облысында банан пісіп жатыр

Елдің басым бөлігінде күн суытып, қар жауып жатса, Түркістан облысында банан пісіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Сайрам ауданындағы жылыжайда өсірілген экзотикалық жемістен екінші өнім алынды.

Қазір жұрт сүйсініп жейтін жеміс негізінен ішкі нарыққа шығып, Алматының сауда сөрелеріне жіберіліп жатыр.

Бұл джунгли де, тропикалық орман да емес, жай ғана Сайрам ауданындағы  аумағы 5 гектар болатын жылыжайдың қазіргі көрінісі. Түрік технологиясы негізінде іске қосылған жылыжайға өткен жылы 7400 түп банан ағашының көшеті отырғызылған. 10-15 жылға дейін өнім беретін экзотикалық жемістің алғашқы өнімі мамыр айында жиналса, қазір екінші өнім пісіп дайын тұр. Мамандар енді жылына үш рет өнім алуды сынақтан өткізбек. Сабақты ине сәтімен болса, сырттан келетін өнімге бәсекелес болады.

Ислам Алиев, кәсіпкер:

- Қазақстанның өзіне 100 мың тонна банан Эквадордан келеді. Біз 20-30% нарықты жабу үшін тағы да 20-30 бес гектарлық жылыжай салайын деп жатырмыз. Бұдан бөлек, тағы да бір 90 гектарымыз бар. Авокадо, манго, ананас егейін деп жатырмыз, тропикалық, экзотикалық өнім шығарамыз. Біздің түрік агрономдар айтып жатыр: «Банан шыққан жерде қалған тропикалық жемістерді шығару оңай болады», – деп.

Банан өсіру үшін жылыжайда арнайы микроклимат қалыптасқан. Мұндағы температура тұрақты түрде +15 градуста сақталады, ал топырақ құрамы тропикалық өсімдіктердің талаптарына сай байытылған. Өнім көлемін арттыру үшін тамшылатып суару жүйесі қолданылады. Мұнда 20 шақты ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қобыланды Шәмшиев, жұмысшы:

- Мен өзім өсімдікке құмар адам едім, осы үйіміздің қасында банан өсіп жатқан соң бұны да көрейік деп келіп, бұны да көріп жатырмыз. Жақсы, жұмыстан қашпасаң, жұмыс табылады ғой. Айлығымыз 250 мың. Енді жаңа жылдан кейін қосамыз деп жатыр. Ауыл көркейеді, ауылдың несібесі мол. Банан шартарапқа кетіп жатыр.

Сайрам ауданының банандары бүгінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде сатылымға шығарылып жатыр. Өнімнің өзіндік құны келісіне 500-600 теңге. Мамандар алдағы уақытта оның көлемін екі есеге арттырып, ел нарығын қамтымақ.

Айта кетейік, бүгінде Сайрам ауданында бананнан бөлек, лимон, құрма сынды экзотикалық жемістер де өсіріліп жатыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Әбуов.