Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық олимпиада өтті

Алматыда студенттер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық олимпиада өтті, деп хабарлайды 24KZ. Шараға ел аймақтарындағы жоғары оқу орындарынан келген 16 команда қатысты.

Бірінші кезеңде қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша тест тапсырманы орындады. Одан кейін түрлі жемқорлық көріністері бар кейстерді талдап, шешімін ұсынды. Ең соңында команда капитандары сайысты. Олимпиадаға заң факультеті ғана емес, басқа саланың студенттері де қатысты. «Бұл адалдық пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет мәселелері жалпыға ортақ екенін көрсетеді», – деп атап өтті ұйымдастырушылар. Олимпиада қорытындысы бойынша Көкшетаудағы Шоқан Уәлиханов университетінің «Әділет» командасы жеңіске жетті. Барлық қатысушылар сертификат, дипломдармен марапатталды.

Татьяна Горнышева, студент:

- Бірінші тур онлайн өтті. Шарт бойынша команданың атынан эссе жазып тапсырдық. Нәтижесінде екінші айналымға өттік.

Арман Рахимов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Алматы қ. департаментінің басшысы:

- Бұл шаралар тек қана студенттер арасында емес, бұл орта оқу орындарынан да басталады. Оған тиісті жобалар «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» деген өзіміздің жобаларымыз бар. Жастардың арасында, жаңа буынның арасында сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне төзбеушілік мәдениет қалыптастыруға, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға біз атсалысып жатырмыз.