БҚО-да Азынабай-Тайпақ су арнасы жөнделіп жатыр

Батыс Қазақстан облысында Азынабай-Тайпақ су арнасын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жобаны жүзеге асыруға соңғы 4 жылда бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінген.

«Алайда құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді», - дейді жергілікті мәслихат депутаттары. Жалпы арна толық жаңғыртылған кезде Жайықтың Бұқар бетінде бос жатқан 300 мың гектар жайылымды төрт түлікке толтыруға мүмкіндік бар.

Ақжайық ауданында 18 ауылдық округ болса, соның 7-еуі Жайықтың сол жағында орналасқан. Өзеннің Бұқар бетінде 300 мың гектардай жайылым бос жатыр. Ол жерлер құжат жүзінде ауылшаруашылық құрылымдарына тиесілі болса да, ешкім мекендемейді. Себебі малға су жоқ.

Ақылбек Сағитов, облыстық мәслихат депутаты:

- Шаруалар қазір жерді алып жатыр, иеленіп жатыр да, бірақ су тапшылығынан қазір келіп, үй-жайларын, қора-жайларын сала алмай жатыр. Жер астынан тұщы су шықпағандықтан қазір шаруалар осы жаққа келе алмай тұр ғой. Жайықтың бойында, ауыл төңірегінде бәрі тығылып отыр.  

Жайықтан 30-40 шақырым қашықтықта жатқан жерлерге кезінде тіршілік нәрі Азынабай-Тайпақ арнасы арқылы жеткен. Алайда біраз жыл иесіз қалғасын бөгеттер бұзылып, қақпалары қолды болған. Жалпы ұзындығы 204 км құрайтын суландыру жүйесі үш кезеңнен тұрады. Біріншісі Жайық-Шалқар каналын реконструкциялау биыл басталды. Ащы-Азынабай каналы 2023 жылы іске қосылыпты. Ал Аяқ су қоймасынан басталатын Азынабай-Тайпақ каналының жөндеу жұмыстары төртінші жыл жүріп жатыр.

Фариза Есқалиева, облыстық табиғи ресурстар басқармасының бас маманы:

- 43 км каналды тазарту, 13 су жинайтын тоғанды тазарту, олардың арналарын көтеру жұмыстары қарастырылған. Сосын Қарауылтөбе ауылынан каналдың басына дейін 10 км электр желісін тарту, каналдың басында Аяқ су қоймасының реконструкциясы және жұмысшыларға арналған тұрғын үй, шаруашылық қойма құрылысы қарастырылған. Биылғы жылы аяқтауға толық қаражат бөлінді.

Азынабай-Тайпақ каналын жөндеуге 1,1 млрд теңге бөлінген. Жоспар бойынша канал 2023-те тапсырылуы тиіс еді. Алайда тапсырыс беруші мен мердігер арасында медиативті келісім жасалып, құрылыс бір жылға ұзартылған.

Сейілхан Қазиз, мердігер компания басшысы:

- Азынабай-Тайпақ арнасы 80% дайын. Алдағы екі аптада толық жабамыз. Қателіктер бар түзетуге көрсетілген. Соларды бітіреміз де, тапсырамыз. Гидроөткелдерде тұрбалар салулы, енді тек бетондау жұмыстары ғана қалды. Мына жерде дамбаны жырып кеткен, соны қалпына келтіреміз.

Дегенмен, депутаттар мердігердің уәдесіне күмәнмен қарайды. Тұрғындардың арыз-шағымы бойынша тексеріске шыққан облыстық мәслихаттың көшпелі комиссиясы бір күнде арнаны аралап өтті. «Құрылыс қарқыны көңіл көншітпейді», - дейді халық қалаулылары.

Нұртай Жұмашев, облыстық мәслихат депутаты:

- Биыл бұл жұмыс бітпейтін сияқты. Қазір көріп отырмыз, әлі 7 су өткел жасалмаған. Ең басында Аяқ су қоймасының басында су өткел турбалары қойылмаған, әлі жұмыстар бар. Манағы салынған үй бітпей жатыр.  һБіз арыз-шағым түскесін шығып отырмыз. Былтыр да шыққанбыз қыркүйек айында. Одан сәл-пәл өзгерістер бар, одан әрі ешқандай өзгерістер жоқ. Жұмыстар баяу жүріп жатыр. Әрбір жерде бір-екі-үш техника, одан басқа адамдары да жасап жатқан жоқ. Бетон жұмыстары қалып тұр ғой суыққа.

Азынабай-Тайпақ каналының мал шаруашылығын дамытуға ықпалы зор. «Тапсырыс беруші, яғни, табиғи ресурстар басқармасы талапты күшейтпесе, осы маңызды жобаның жүзеге асуы тағы бірнеше жылға созылып кеткелі тұр», - дейді депутаттар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов