СҚО-да тасқыннан бұзылған 8 қорғаныс бөгеті нығайтылады

Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі тасқыннан бұзылған қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары аяқталып қалды, деп хабарлайды 24kz.

Бұл мақсатқа демеушілердің көмегімен 5 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – облыс орталығынан 14 шақырым жердегі Бескөл ауылы. Көктемде аудан орталығында 200 үйді су басып, зардап шеккендерге жөндеу жұмыстары мен үй сатып алуға өтемақы төленді. Енді жергілікті билік өкілдері елді мекенді тасқын судан қорғайтын бөгетті қалпына келтіріп жатыр.

Мейрам Аманжолов, техникалық қадағалау сарапшысы:

- Қорғаныс бөгеті бір жарым метрден жеті метрге дейін көтерілді. Жұмыс барысы мен инерттік материалдардың сапасы қатаң қадағаланады. Оның құрамы сараптамадан өтті. Барлық талап сақталған.

Өңірде көктемгі тасқыннан бұзылған 8 бөгет нығайтылады. Олар Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының бірнеше ауылын қорғайды. Бұл жұмысқа 150 бірлік арнайы техника жұмылдырылған. Мамандар топырақ үйінділерін бір жарым млн.текше метр инерттік материалмен көтереді.

Тимур Әбдірешов, облыс әкімінің баспасөз хатшысы:

- Жұмыстар барлығы ғалымдардың есептеулері бойынша жүргізілді. Биылғы есептеулер Балтық жүйесі бойынша орындалды. Оның аясында бөгеттер әлдеқайда жоғары көтеріліп, бұл келесі жылы су тасқынынан қорғауға мүмкіндік береді.

Ал, келесі жылы Бескөл ауылындағы қорғасын бөгеті темір-бетон материалмен күшейтіледі. Қазір жергілікті билік өкілдері тиісті жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, жобаны сараптамаға жіберді. 

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков