Қазақстандықтар енді бірыңғай QR-код арқылы төлем жасай алады
Елімізде төлем жүйесінің бірыңғай QR-коды іске қосылып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Енді қазақстандықтардың сауда жасауы мен қызмет түрлерін алу процесі жеңілдейді. Ол үшін тек қалта телефонында қажетті мобильді қосымшаның болуы жеткілікті. Бірыңғай QR-кодтың тағы қандай тиімділігі бар?
Альмира Оразбай, тілші:
- Бірыңғай QR-код – Ұлттық банктің ұсынған жобасы. Ол тұтынушыларға кез-келген банк терминалы арқылы жылдам төлем жасауға мүмкіндік береді. Ал кәсіпкерлерлерге төлем қабылдауы үшін енді бірнеше терминалдың қажеті болмайды. Осы арқылы бизнес өкілдері қызмет көрсету құрылғыларының шығынын азайтуға мүмкіндік алып отыр.
Жанар Самаева, ҚР Ұлттық банкі ұлттық төлем корпорациясының төрағасы:
- Қазір тұтынушылар тауарды сатып алғанда тек сол дүкенде тұрған банк терминалы арқылы төлеуі тиіс. Яғни, бір банк терминалы екіншісінің төлемін қабылдай алмайды. Ал бірыңғай QR-код бойынша енді тұрғындардың сауда жасауы үшін ешқандай шектеу болмайды. Өлар өзінің қалаған банкі арқылы төлем жасайды.
Жанар Самаеваның айтуынша, бірыңғай QR қолма-қол ақшасыз операцияларға қызығушылықты арттырады. Оның аясында тіпті жемқорлық әрекеттері азаюы мүмкін. Бірақ барлық банктер бұл жүйеге көшуге мүдделі болмай отыр. Ал экономистер: «Тұтынушылардың түрлі банктермен өзара қатынасы күшейеді», - деп отыр.
Арман Бейсембаев, экономист:
- Бұл банктерге мүмкіндік. Себебі олардың арасында бәсекелестік пайда болады. Кішігірім банктер осы жүйені пайдалана отырып, өз клиенттік базасын жаңартып ала алады. Кейін азаматтарға түрлі жеңілдігі бар несиелер немесе бонустық шарттарды көрсетіп, ұсыныстар жасайды. Бұл жерде ірі банктер нарықтағы үлесін сақтап қалады ма, жоқ па – соны бақылап көреміз.
Бүгінде елде 20 банк жұмыс істейді. Ал бірыңғай QR-код 2 қаржы ұйымында ғана пилоттық режимде іске асып жатыр. Егер ол сәтті жүзеге асса, онда бұл жүйеге толық көшу жұмыстары келер жылдың аяғына дейін жүргізілмек.
Авторлары: Альмира Оразбай, Гульдана Кален, Аян Сарсенбаев