Талдықорғанда «Ислам және отбасы құндылығы» конференциясы өтті
«Ислам және отбасы құндылығы». Талдықорғанда осындай тақырыпта республикалық конференция өтті. Алқалы жиынға қатысқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мен зиялы қауым өкілдері отбасы құндылықтарының маңызы жайында ой қозғады.
Ислам дінінде отбасы құндылықтарына ерекше мән берілген. Қасиетті құранда ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы мен міндеттері көрсетілген. Жиында ғалымдар соның бір парасына тоқталып, жанұя құру, сақтау, ағайын-туыстың ауызбірлігін нығайтуға қатысты баяндама жасады. Конференция діни басқарманың «Ислам және дәстүр құндылығы» жылдық жоспары аясында ұйымдастырылды.
Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:
- Биыл біз «Ислам энциклопедиясы», «Бабалар ізімен қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп» деген кітапты жарыққа шығардық. Сондай-ақ Алматы қаласында ҚМДБ жанынан «Ислам ғылыми зерттеу институтын» аштық. Осы институт Жошы ханның құранын алып, жұмыстанып жатыр. Биылғы жылы «Дін мен дәстүр» кітабының 3-томын шығардық. Ол жерде көптеген біздің дініміз бен дәстүріміздің сабақтастығын айтады.
Діни басқарманың ұйытқы болуымен елімізде 2017 жылдан бері «Ел үлесі – пәтерге» қайырымдылық жобасы жүзеге асырылып келеді. Игі шара аясында Қаратал және Көксу ауданында тұратын екі мұқтаж отбасыға баспана берілді.
Омар Хадысұлы, «Зекет және қайырымдылық» қорының Жетісу облысындағы өкілі:
- Еліміз бойынша 2017 жылдан бері 802 үй берілді. Соның ішіндегі Жетісу облысы бойынша 120 үй берілген болатын. Ал енді осы 2024 те біздің облыс бойынша имамдардың атсалысуымен 17 үй берілді.
Бас мүфтидің қатысуымен орталық «Иман» мешітінде аймақ тұрғындарымен кездесу өткізілді. Көпшілік алдында татулық, ынтымақ туралы уағыз айтылып, ел бірлігі дәріптелді.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын.