Қарағандылық белсенді жастар қарияларға жәрдемдесті

Қарағандыда «AMANAT» партиясының «Жастар рухы» Жастар қанатының белсенділері қаладағы қариялар мен кемтар жандарға тұрақты түрде көмектеседі, деп хабарлайды 24KZ. Қыздар үйін жинап, ал жігіттер ауласындағы қарды тазалайды. 

Жыл басынан бері волонтерлер көптеген экоакцияларға қатысты. Соның ішінде «Алматы-Екатеринбург» жолының Қарағанды облысына тиесілі 700 шақырым учаскесі бойындағы қоқысты тазалауға атсалысты. Акцияға қатысқан 400 белсенді жас үш күнде 40 тонна қоқыс жинаған. «Ал қыста негізінен қарттар мен мүгедек жандарға осылайша  қолғабыс етеміз», – дейді белсенділер.

Санжар Ермеков, «Жастар рухы» Жастар қанатының мүшесі:

- Бұл біздің бірреттік шарамыз емес. Біз көптеген қария кісілерге барамыз. Барып, өздеріне көмектесеміз. Бұл кісілерді қоғамнан тыс қалдырмау керек. Осы кісілерге әрқашанда көмектесіп тұру керек.