Шымкентте 28 жеделсаты ауыстырылады
Шымкентте тозығы жеткен жеделсатылар жаңғыртылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Биыл бұл мақсатқа 339 миллион теңге бөлініпті. Бұл қаржының шарапатын 16 көпқабатты үйдің тұрғындары көрмек. Дегенмен жиі істен шығатын жеделсатылар саны бұдан бірнеше есе көп. «Мәселені оңтайлы шешудің бір жолы тұрғындар өзара бірлестік құрып, мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндіктерін пайдалануы тиіс дейді», – мамандар.
Қала орталығындағы мына 9 қабатты тұрғын үй – 44 отбасының ортақ қонысы. Пәтер иелері кеңестік кезеңде қолданысқа берілген жеделсатының жиі істен шығатынына шағымданып, талай рет жөндеткен. Бірақ көненің аты көне. «Әсіресе қосалқы бөлшектерін табу оңай емес», – дейді тұрғындар.
Ерік Ысқақов, қала тұрғыны:
- Негізі ол ескіргесін сына бастады. Сосын неше түрлі бөлшектер алдық. Өзіміз ақша төлеп. Сосын механиктерді шақырдық. Экспертиза бізге АКТ жазған, «жарамайды» деп. Негізі бәрі ескірген. Сондықтан біз жиналып, өтінімді бердік.
Жаңа тұрғын үй кешендерінде де жағдай мәз емес. Мәселен, Нұрсәт шағынауданындағы жаңа үйлерге қойылған жеделсатылар сапасыз болып шықты.
Сейітжан Қалыбеков, қала тұрғыны:
- Осы үй берілгенде орнатылған ғой. Бірақ жиі бұзылады лифт. Бұзылған кезде 1 айдай істемей тұрған кездер болған. Жетінші қабатқа шығып түсуіміз өте қиын негізі.
Жыл соңына дейін 16 көп қабатты үйде 28 жеделсатысыны жаңарту көзделген. Бұл мақсатқа бюджеттен 339 млн теңге бөлінді. Енді меншік иелері бұл қаражатты түзілген шарт негізінде 15 жыл ішінде пайызсыз қайтаруы қажет.
Ғани Жақыпбеков, арнайы мамандандырылған «Тұрғын үй Шымкент» ұйымының бөлім басшысы:
- Зауыттан шыққанда бүкіл техникалық мінездемесі беріледі. Одан кейін мердігердің кепілдік мерзімі бар. Әрі қарай өздері қызмет көрсету сервисін жасайды. Келесі жылға бізге түскен арыз бойынша 5 үй, 10 лифт келіп тұр.
Алайда шын мәнінде тозығы жетіп, тоқтап тұрған лифттердің саны одан көп болуы мүмкін. Сондықтан сала мамандары «мүлік иелері бірлестігін» құрып, жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламның игілігін көруге шақырады.
Әбдімомын Сырымбетов, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Ең үлкен қағидасы 1 үй 1 шот деген сөз. Жиналған ақша тек қана үй төрайымына түседі. Үй төрайымы істелген жұмысқа ғана ақшасын төлейді. Қазіргідей айма-ай келіп тұрмайды. Істелінді ме, ақшасын төлейді. Сонда қызмет көрсетуші мекемелердің бәрі үйдің тұрғындарына тікелей тәуелді болады.
Сала мамандары бүгінге дейін 147 тұрғын үй бірлестігі құрылғанын мәлімдеді. Қазір басқа да тұрғындармен ортақ жиналыс өткізіліп, жаңғыртуға бағатталған жұмыстардың талаптары түсіндіріліп жатыр. Өйткені қаладағы 943 лифттің үштен бірі мерзімінен артық уақыт қолданылған. Арасында 40 жылдан астам қызмет етіп келе жатқандары да кездеседі. Ал оларды жаңғырту үшін меншік иелерінің жартысынан көбі келісім беруі керек.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.