Елорданы газдандыру ісі жалғасады
Елордада тұрғын алаптарды газдандыру ісі жалғасып жатыр.
Биыл Үркер алабында, көгілдір отын желілерінің құрылысы аяқталып, 1 мыңға жуық баспана газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ол үшін бюджеттен ақша да бөлінбеген. Жеке компания барлық істі өз есебінен атқарып отыр.
Астана қаласының Үркер тұрғын алабында газға қосылған үйлердің алғашқысы Байғарым Қасеновтыкі. Баспанасын 15 жыл бойы көмір жағып жылытып келген. Енді бұл қара жұмыс артта қалды. Қазір коттедж толық газбен жылытылады.
Байғарым Хасенов, қала тұрғыны:
- Үйіме газ келгеніне қуанып отырмын. Міне, қызмет көрсететін компания келіп, барлық қондырғыны орнатып берді. Бастысы тегін. Жүйе толық автоматтандырылған. Енді қыс мезгілінде еш алаңсыз қонаққа да бара беруге болады. Бұрын әр 6 сағат сайын пешке көмір салып отыру керек еді. Енді бұл жұмыс артты қалды.
Айта кету керек, Үркер тұрғын алабында «Qazaq Zhylu» компаниясы өз қаржысынан баспаналарды газға қосып жатыр. Яғни бюджеттен ақша шығарылмаған. Қазір 1 мыңға жуық абонент қамтылды. Серіктестік барлық шығынды тариф есебінен жабуды жоспарлап отыр. Яғни Президент айтқан «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясында.
Сәрсенғали Ақжолов, Нұра ауданы әкімінің орынбасары:
- Бүгін үлкен тарихи сәт. Үркер тұрғын алабында бірінші үйді газге қосайын деп жатырмыз. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасады. 2 жылдың шамасында Үркер тұрғын алабын толық газмен қамтамасыз етеміз деген жоспар бар.
Жалпы Үркер тұрғын алабын көгілдір отынға қосу үшін 173 шақырымға жететін газ желісін тарту жоспарланған. Қазір бұл істің үштен бір бөлігі орындалды. Енді алдағы 2 жыл ішінде мұндағы 5 мыңнан астам үй газға қосылмақ.
Риат Шони, Арман Ақшабаев