Ақмола облысында 115 отбасы баспаналы болды
Ақмола облысында 115 отбасы қоныс тойын тойлады.
Көкшетау мен Қосшы қаласының тұрғындарына су жаңа пәтердің кілттері салтанатты түрде табысталды.
Бұл баспаналар, Ақмола облысы әкімдігі тарапынан әлеуметтік тұрғыдан, осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағдарламасы аясында сатып алынған. Тұрғын жайларда барлық қажетті инфрақұрылым бар. Яғни мектеп, балабақша мен медициналық мекемелер орналасқан.
Бүгін Ақмола облысындағы жүзден астам отбасы үшін тарихи әрі ерекше күн. Олар күптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Қоныс тойын тойлағалы жатқандардың қатарында көпбалалы аналар, жетім балалар мен қиындыққа тап болған жандар бар. Жаңа пәтер кілттерін облыс әкімі Марат Ахметжанов салтанатты түрде табыстады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып есептеледі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бұл іс-шараның өзінің жеке бақылауында ұстайды. Биыл ақмолалықтар 2 мыңнан астам пәтерге ие болады. Ол дегеніміз өткен жылдық көрсеткіштен 5 есе көп.
Көкшетаудағы Сарыарақа шағын ауданында 48 отбасы қоныс тойын тойлау үстінде. Солардың қатарында Махаббат Даргенова да бар. Оның отбасы пәтер кезегінде 20 жылдай тұрған екен.
- Осы қызымның қуанышы – менің қуанышым.
Су жаңа пәтер кілттеріне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 5 қызметкері де ие болды. Тағы Қосшы қаласында 67 баспана табысталды.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Қосшы қаласы қала болғанына биыл 3 жыл болды. Бірақ 3 жылда біз әлеуметтік осал топтарға 2 пәтер ғана берген екенбіз. Енді биыл Алла жазса бүгінгі жоспар бойынша жаңа жылға дейін 160 баспаналарды көпбалалы аналарға, жетім балаларға және басқа да мұқтаж адамдарды қамтитын боламыз.
Гүлхан Қайырбекова, көп балалы ана:
- Өте қатты қуанып тұрмын. 10 жыл осы кезекте тұрғам. 10 жыл бұрын кезекке тұрып үй аламын деп бір қуанып едім. Осыдан 3 жыл бұрын Қосшымыз қала болғанынан екінші рет қуандым. Ал бүгін мен енді баспаналы болып отырғаныма қуанышым шексіз. Рақмет!
Айта кету керек, соңғы жылдары Ақмола облысында тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Нәтижесінде 2 миллион шаршы метрге жуық баспана пайдалануға беріліп, шамамен 12 мың отбасының тұрғын үй мәселесі оң шешімін тапты.
Риат Шони