Астана халықаралық әуежайының құрылғанына 93 жыл толды
Осыған орай әуежайда мерекелік шара ұйымдастырылып, оған терминал құрылысына елеулі үлес қосқан сәулетшілер, авиация ардагерлері, елорда әуежайының серіктестері және отандық авиакомпаниялардың өкілдері қатысты.
Астана халықаралық әуежайы осыдан 93 жыл бұрын санаулы ғана жолаушыны тасымалдаған рейспен ашылған болса, биыл желтоқсанда 8 миллион жолушыға қызмет көрсетпек. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 20 пайызға артық. Сол секілді халықаралық бағыттар да кеңейіп жатыр. Айталық, Үндістан, Вьетнам және Нью-Йоркке қарай жол ашу жоспарда бар.
Диана Нұртаева, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" корпоративтік хатшысы:
- Инвестордың келуімен біздің терминал кеңейіп, жақсарады деген үміттеміз. Халықаралық, ішкі рейстер саны артпақ. Қазірдің өзінде әуежайдың бас жоспары әзірленіп жатыр. Оның негізінде әуежайдың қазіргі терминалы кеңейіп, тағы бір жаңа терминал салынып, қонақүй кешені бой көтереді деген ойдамыз.
Бүгінгі шараға шақырылған қонақтар қатарында авиация ардагерлерінің орны бөлек. Олар осы әуежайдың даму барысын өз көзімен көрген адамдар. Мысалы, бұрын жүк тасымалдау бөлімінің басшысы болған Мұхитдин Баймабетов әлі күнге дейін әуежайдағы жолаушылар мен жүк ағындарының көлеміназардан тыс қалмайды.
Мухитдин Байымбетов, "Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы" АҚ Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Жүк тасымалы және жолаушылар тасымалының көлемі, чартерлік рейстер саны қазір он есе өсті. ТМД бойынша біздің әуежай үздіктердің бірі саналады. Өткен жылы барлық рейстерге қызмет көрсету бойынша медальге ие болдық. Бұл әуежайға барлық типтегі ұшақтардың кіруіне рұқсат бар. Кіші авиациядан бастап ірі боингтерге дейін қабылдауға қону жолақтары мен жарық техникасы мүмкіндік беріп отыр.
Қазіргі уақытта Астананың әуе айлағынан 18 ішкі және 40 халықаралық бағыттар жөнелтіледі. 5 отандық және 25 халықаралық әуе компаниясы қызмет көрсетеді. Бұл көрсеткіштер жыл санап өсіп жатыр.
Мөлдір Молдағали, Ержан Рахманбердиев