Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі басталды

Өңірде тұңғыш рет ұйымдастырылған ауқымды шара қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын дәріптеуге, ұрпаққа рухани тәрбие беруге бағытталған, деп хабарлайды 24kz.

Қоғамда бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуды көздейді.

Қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет ғұрпын, жалпы өмірлік философиясын жаһандану заманымен ұштастыруды мақсат тұтқан ауқымды фестиваль жұмысы ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. «Тағылым»: «Ұлттық рух тұғыры» тақырыбында өткен басқосуда белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарих, мәдениет және ұлттық сана тақырыптарында ой қозғап, ортаға салды.

Жолдас Батырхан, облыс әкімінің орынбасары:

- Ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан барша игі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын әрбір өкілімізге ол жарық дүниеге келгеннен бастап ұлттық тәрбие беру арқылы егілуі және ол тәрбие жүйесінің күре тамырына айналдыруы да біздің қолымыздағы шаруа. Бүгінгі басқосу әлеуметтік ахуалды саралауға, жастар тәрбиесінде өз септігін тигізеді деген ойдамын.

Дәстүрлер фестивалінің «Сыбаға» аталуының өзі ұлт санасына тарихпен сіңген ұғымды дәріптеуге шақырады. Өлкетанушы, тарихшы мамандар: «Оның мәні бүгінде қалыптасқан «Табақ тарту» үрдісінен әлдеқайда кең», - дейді.

Бекарыстан Мырзабай, өлкетанушы:

- Шыңғысханның заманында жүз қараны күзде сойып, қамбаға тастап жазғытұры әскер жиып сыбаға таратқан. Абылайхан Қытайдан келе жатқанда бір төре алдынан шығып, бір жағынан бұл дипломатия болуы керек, жүз қысырдың тайын сойып қонақасы берген. Әр берілетін сыбағаның ұлттың құндылығына байланысты таным-түсінігі бар.

Бес күнге созылатын дәстүрлер фестивалі аясында ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және қолөнер шеберлерінің «Дәуір дефилесі» көрме-жәрмеңкесі өтеді. Аңшылық және ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін «Салбурын» жарысын да тамашалауға болады. Сондай ақ тағамдар көрмесі де жоспарланған. Қорытынды күні атымтай жомарттар мұқтаж жандарға сыбаға таратады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов