Ақмола облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есе артты
Ақмола облысында биыл пәтер кезегінде тұрған екі мыңнан астам отбасына баспана беріледі, деп хабарлайды 24kz.
Қазір соның мыңға жуығы қоныс тойын тойлап үлгерген. Жаңа пәтерге ие болғандар қатарында көпбалалы аналар, зейнеткерлер мен әлеуметтік аз қамтылған жанұялар бар. Биыл Ақмола облысы экономиканың сан саласы бойынша жетістікке жетті. Өңір бюджеті еселеніп, 751 млрд теңгеден асты. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларында да өсім бар.
Ақмола облысы – аграрлы аймақтың бірі. Елімізде өсірілетін бидайдың 25%-і өңір шаруаларының үлесінде. Биыл жергілікті диқандар үшін табысты жыл болды. Қамбаға 6,5 млн тонна астық құйылды. Бұл – рекордттық көрсеткіш. Шаруалар мұндай жетістікке тікелей мемлекеттің қолдауымен жеткендерін айтады.
Виталий Гончаров, серіктестік директоры:
- Мемлекет тарапынан арзандатылған жанар-жағармай мен астықты кептіру үшін сұйытылған газ бөлінді. Субсидия мәселесі де уақытында шешілді. Бұл бізге күзгі орақ науқанын уақытында, әрі сапалы атқаруға мүмкіндік берді.
Биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есе өсті. Яғни, жыл соңында 1 трлн теңгеге жетпек. Әсіресе, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласында өсім бар. Мемлекет басшысы өз Жолдауында агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін алдағы үш жылда 70%-ке дейін жеткізуді тапсырды. Осыған орай өңірде кешенді жоспар құрылып, салаға ерекше басымдық берілген.
Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасары:
- Ауыл шаруашылығы тауарларын қайта өңдеу бойынша өңірде оң динамика байқалады. Қазір аймақта бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Мәселен жыл соңына дейін 3 сүт фермасын іске қосамыз. Келер жылы да 3 ферма салынып, пайдалануға беріледі. Осылайша, тек сүт өндірісінің көлемін бір жарым пайызға арттырамыз.
Өңірдегі өнеркәсіп саласында 1,6 трлн теңгенің өнімі өндірілді
Аймақта экономиканың барлық саласында алға ілгерілеушілік бар. Әсіресе, өнеркәсіп өндірісі қарқынды дамып келеді.
Мәселен, жыл басынан бері өнеркәсіп саласында 1,6 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Ал, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есе өсті. Облыс экономикасына 396 млрд.теңге инвестиция тартылды. Тұрғын үй құрылысына 225 млрд теңге қарастырылды.
Аграрлы аймақ соңғы жылдары сапалы құрылыс материалдарын шығару бойынша да көш бастады. Қазір республика бойынша кірпіштің төрттен бір бөлігі Ақмола облысында өндіріледі. Мәселен, Көкшетаудағы мына кірпіш зауыты жылына 95 млн дана кірпіш шығарады. Өнідіріс ошағында кірпіштің 200-ге жуық түрі дайындалады. Зауыт өз өнімін ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шетелдерге де экспорттайды. Сұраныс жоғары. Сондықтан елордада тағы бір кірпіш зауытын ашуды көздеп отыр.
Мырзабай Әбдіхалықов, кірпіш зауытының директоры:
- Осы жаңа жылға дейін Астана қаласында қуаттылығы 60 млн-дық зауыт іске қосылады. Ол зауытта өзінің орнын табады деп ойлаймын. Астана өңірінде сұранысқа ие болады деп өзіміз ойлаймыз. Мұндай жетістіктерге жету үшін бізге облыс басшылығы жағынан үлкен қолдау көрсетіледі.
Ақмола облысында жыл басынан бері бір мыңға жуық шағын және орта бизнес нысаны ашылған. Осылайша, аймақта қазір 59 мыңнан астам бизнес субьектілері жұмыс істеп тұр.
Биыл шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға 10,8 млрд.теңге бөлінді. Оның 9,4 млрд.теңгесі субсидиялауға, 659 миллионы несиелерді кепілдендіруге, 189 млн-ы гранттық қаржыландыру және 526 млн теңгесі өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталып отыр.
Биыл 2000-нан астам ақмолалық баспаналы болды
Тұрғын үй құрылысында да қарқын байқалады. Қазір аймақта көппәтерлі 55 үй салынып жатыр. Оның 25-і жыл соңына дейін ел игілігіне беріледі. Осылайша, 1300-ге жуық ақмолалық қоныс тойын тойлайды. Жалпы биыл облыс бойынша екі мыңнан астам адам баспаналы болды.
Азамат Байқуанышев, құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл – 5 жылдың көрсеткіші. Біз бұған тұрғын үйлерді тауар ретінде сатып алу арқылы қол жеткіздік. Биыл дайын үйлерді сатып алуға 16 млрд теңге бөлінді. 840 пәтер алу жоспарланған. Қазір соның 736-ы сатып алынды. Қалған 104 баспана бойынша конкурсттық рәсімдер өткізіліп жатыр.
Әлеуметтің әлеуеті де назардан тыс қалмайды. Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1200 орындық 6 мектеп салынды. Білім ошақтарының басым бөлігі елорда төңірегінде орналасқан ауылдарда бой көтерді. Бұдан бөлек, өңірде 38 амбулаториялық-емхананың іргесі қаланады. Медициналық нысандардың құрылысына қазынадан 10 млрд теңге бөлінді. Әсіресе, халық көп шоғырланған шалғай елді мекендерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Жылдың аяғына дейін бірқатар медициналық нысан қолданысқа беріледі.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Виктор Полянный