СҚО-да 202 ауыл ауыз суға зәру
Солтүстік Қазақстан облысында 202 ауыл таза ауыз суға зәру.
Елдімекен тұрғындары тіршілік нәрін әлі күнге дейін құдықтан тасып ішеді. Көлдің суын тұтынып отырғандар да бар. Өңірде ауызсу мәселесі қашан шешімін табады?
Бұл Петропавлдан небәрі 50 шақырым жердегі Виноградовка ауылы. Елдімекен облыс орталығына жақын орналасса да, халқы судан тапшылық көріп отыр. Тұрғындар өздері қазып алған ұңғыманың суын тұтынады.
Виктор Яцко, Виноградовка ауылының тұрғыны:
- Екі жыл бұрын ауылға құбыр тартыла бастаған. Бірақ, жұмыс аяқталмай қалды. Ал мына станция 2006 жылы салынған. Ол да әбден ескірді.
Жерасты суын шығаратын ұңғыма күніне 4 сағат жұмыс істейді. Судың өзі ақылы. Бір флягі 40 теңге тұрады. «Алып үлгермегендер жақын маңдағы көлге барып амалдайды», - дейді тұрғындар.
Андрей Арсентьев, Виноградовка ауылының тұрғыны:
- Ауылдың шетінде тұратындар суды көлден тасып ішуге мәжбүр. Оның сапасына қарап жатқан ешкім жоқ. Ал, ұңғыма белгіленген сағатпен жұмыс істейді. Су былтыр болады деген, сосын биыл деді. Әлі жоқ.
Солтүстік Қазақстан облысында ұңғыманың суын ішіп отырған 200 ауыл бар. Биыл халықты ауызсумен қамтуға 11 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. «Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешіледі», - дейді жауапты мамандар.
Әлішер Жетекенов, Энергетика және ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- Сонымен қатар сапалы ауызсумен қамтамасыз ету үшін 614 млн теңгеге 73 комплекс блогмодуль орнату жоспарланып жүргізіліп жатыр. Жұмыстармен 108 елді мекен және Мамлютка, Булаево, Петропавл қалалары қамтылды.
Бұл жобалар арқылы 490 шақырым желі жаңғыртылады. «Өңірде су мәселесі келер жылдың соңына қарай толық шешіледі», - дейді мамандар.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов