Атырау облысында көктемгі су тасқынынан кейін 25 шақырым автожол жөнделді

Атырау облысында көктемгі су тасқынынан кейін 25 шақырым автожол мен үш көпір жөндеуден өтті.

100-ден аса тұрғын үй бой көтеріп, 3 мыңға жуық тұрғын өтемақы алды. Бұл жайында өңір басшысы Серік Шәпкенов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте баяндады. Жайықтың жағасында 590 шақырымдық бөгет салынып, 30 шақырым арна тазартылған. Сондай-ақ Жайық өзенінің су өткізу деңгейін жақсарту үшін Каспийге құятын бөлігінде, тереңдету жұмыстары жүргізілді.

Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:

- 4 мыңға жуық техника жұмылдырылды, 25 мыңнан астам азамат еңбек етті. Оның ішінде 1 мыңнан астам әскерилер тартылды. Осы ретті пайдаланып, Атырауға дем берген әрбір тұрғынға, қолдау көрсеткен кәсіпорындар мен еріктілерге, басқа да аймақтан көмекке келген барша азаматтарға шынайы алғысымды айтқым келеді. Өңір халқы күш бірлікте екенін көрсетті. су тасқынынан кейін алдын алу жұмыстарының жоспары бекітіліп, қазіргі таңда жүргізіліп жатыр.

Биыл Атырау облысында 17 инвестжоба жүзеге асады

Сондай-ақ биыл Атырау облысында 17 инвестициялық жоба жүзеге асады. Оның 8-і қазірдің өзінде іске қосылған. Олардың қатарында сауда ойын сауық орталығы, жүк вагондарын шығаратын және химиялық зауыт, көтерме-тарату орталығы бар. Жобаларға тартылған инвестиция көлемі 46 млрд доллардан асады. Агро-өнеркәсіптік кешен саласын дамытуға да қаржы тартылды. Балық, егін, мал шаруашылықтарында инвестициялық жобалар бар. Ал өткен айда 1200 және 300 орындық екі "жайлы мектеп" оқушыларға есігін ашса, тағы бірі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Келер жылы Атырау облысында 6 мектептің құрылысы жоспарланған.