Жаңа кодекс су қауіпсіздігін қамтамасыз етеді
Су кодексінің жаңа нұсқасында алғаш рет су қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Яғни, су тапшылығының алдын алу және су нысандарын ластанудан жан-жақты қорғау көзделген.
Мәселен, шағын өзендерде су өткізбейтін бөгеттер салуға тыйым салынады. Сондай-ақ кодексте гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігі мәселесіне жеке тарау арналған. Онда гидротехникалық құрылыстардың реестрін түзу, оларды пайдалану, көп факторлы тексеріс жүргізу және қауіпсіздік декларацияларын әзірлеу мәселелері жүйеленген. Бұдан бөлек, су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы күрес бойынша түзетулер кешені әзірленді. Барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мен өкілеттіктері айқындалды. Мұнда су нысандарын тазарту мен тереңдету, су тасқынынан қорғайтын инженерлік жүйелерін құру бойынша нормалар енгізілді.
Нұржан Нұржігітов, ҚР су ресурстары және ирригация министрі:
- Орталық атқарушы органдардың, жергілікті атқарушы органдардың өзінің функциялары бөлек көрсетілген, қай орган қайсына жауап беретіні. Мысалы, жергілікті атқарушы органдар мынау су тасқынына байланысты, содан кейін құрғақшылыққа байланысты өзінің тарапынан инженерлік жұмыстарды жүргізу, ол жаңағы дамбалар соғу немесе кіші су қоймаларын соғу немесе сол жолдарды қорғау мәселелері, ол жергілікті атқарушы органдарда көзделген. Сол сияқты өзіміздің мына экология және табиғи ресурстар министрлігіне сондай судың зиянды әсерін жою үшін өздеріне іс-шаралар жоспары жүктелген.
Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қоғамдық бақылауға да айрықша көңіл бөлінді. Жаңа заңнамаға сәйкес бассейндік су инспекциялары мемлекеттік бақылаудың жаңа түрі тергеумен қамтамасыз етіледі. Бұл тетік су ресурстарын қорғауға, оларды заңсыз пайдалануға жол бермеуге қойылатын талаптарды күшейтеді. Сондай-ақ жыл сайын Ұлттық ақпараттық есеп жарияланады.