Ұлытау облысында электр желілерінің 60%-ы тозған
Биыл жаңғырту жұмыстарына 2 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды, деп хабарлайды 24kz.
Бұл қаржыға 500 шақырымнан астам желі ауыстырылып, 212 қосалқы станция жөнделді. Дегенмен өңірді жарықпен үздіксіз қамту мәселесі толық шешілмеді. Аудандық әкімдіктердің балансындағы желілерді жаңғыртуға қазына қаржысы жетпейді.
Облыс аумағындағы 3 мың шақырым электр желілерінің 60%-і тозып тұр. Шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, Жезқазғанның өзінде жарыққа қатысты проблема бар. Бекболат шағынауданының тұрғыны Татьяна Фазылова: «Жел тұрса, жарық сөніп қалады», - дейді.
Татьяна Фазылова, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Айына кем дегенде 2 рет жарық өшіп қалады. Әсіресе қысты күндері жиі сөнеді. Оған үйреніп те қалдық. Жақында желден бір баған құлап, бірнеше сағат жарықсыз отырдық.
Жезқазғанға қарасты 91-95 орамдар мен Бекболат, Қостанкелді шағын аудандарындағы электр желісі жергілікті әкімдіктің балансында. «Толық жаңғыртуға қазына қаржысы жетпейді», - дейді жауаптылар. Сондықтан оны жекенің басқаруына беріп, инвестиция тарту арқылы жаңғырту көзделген.
Ернұр Еділбаев, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
- Бүгінгі күні Жезқазған қаласының әкімдігі оны «Қазақмыс Дистрибюшн» ЖШС балансына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Әрі қарай «Қазақмыс Дистрибюшн» мекемесі инвестициялық жоба есебінен жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Электр желілерінің басым бөлігі жеке компаниялардың басқаруында. Биыл меншік иелері қысқы маусымға дайындық жұмыстары барысында 515 шақырым электр желісі мен 212 қосалқы станцияға ағымдық жөндеу жүргізді. Оған 1,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал коммуналдық меншіктегі желілерді жаңғыртуда жергілікті билік мемлекеттік бағдарламаларға үміт артып отыр.
Ернұр Еділбаев, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
-«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кенті және Ералиев ауылында электр желілерінің құрылысын жүзеге асыру басталды. Ағымдағы жылы. Аяқталу мерзімі 2025 жылдың 4-ші тоқсаны. Екі жобаның жалпы құны 4,2 млрд теңгені құрайды.
«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша келесі жылы да 3 елді мекеннің электр желілері жаңғыртылады. Жобаның жалпы құны 4,5 млрд теңге. «Сәтті жүзеге асса, желілер бойынша тозу көрсеткіші 50%-ға дейін төмендейді», - дейді мамандар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев