ШҚО-ның Күршім ауылында айналма жолдың құрылысы басталды
Шығыс Қазақстанда Күршім ауылының қақ ортасымен өтетін жүк көліктерінің қозғалысы адам өміріне қауіп төндіреді, деп хабарлайды 24kz.
Соңғы жылдары ауылда жол-көлік оқиғалары көбейіп кеткен. Сонымен қатар көліктің шамадан тыс салмағына асфальт жабындысы да шыдас бермей тозып барады.
Қазір шекара шебіндегі аймақта бір емес, бірнеше тау-кен кәсіпорны жұмыс істеп тұр. Түрлі өнім тасымалдайтын техника көп. Сондықтан ауыл жұрты айналма жол салу қажет деп отыр. Жергілікті билік қандай шешім қабылдады?
Эльмира Ахметова, тілші:
- Ауылдың қақ ортасымен ағылған жүк көліктері талай жылдан бері күршімдіктердің мазасын қашырып келеді. Жол-көлік оқиғалары көбейіп, тіпті аяқжолмен жүруге қорқатын болдық дейді мұндағы жұрт.
Ауылдықтардың айтуынша, соңғы жылдары қатты келе жатқан жүк көліктері үш баланың өмірін қиған. Өзекті мәселені жиі көтергендердің бірі Дәулетхан Қалиханұлы. «Зейнеткер, қазіргі жүк машиналарын бұрынғымен салыстыруға да келмейді», - дейді.
Дәулетхан Қалиқанұлы, ауыл тұрғыны:
- Енді қазіргі жүк машиналары үлкейіп кетті. Бұрын ГАЗ-53,ЗИЛ деген машиналар болған, қазір Камаз Шансиман дегендер, 70-40 тонна таситын үлкен длиномерлер. Азоттар, жарылғыштар тасиды енді міне көріп жүрміз.
Қайғылы оқиғалар ауыр техника нөпірін азайтпады. Жүргізушілер көзге түспес үшін түнде өтетін болған. Жөнделген жолдың да тоз-тозын шығарды. Белсенділер айналма жол салу керектігін айтып, дабыл қақты. Жергілікті билік қолдау көрсетіп, көп күткен құрылыс қазір басталып та кетті.
12 шақырым жол Күршімнің сыртымен өтеді. Жобаны жүзеге асыруға, 3 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Жанболат Жамелхан, Күршім ауданы ткш бөлімінің басшысы:
- Жалпы құны – 3 млрд 510 млн теңге. Биылғы жылға 350 млн теңге қаражат облыстан қарастырылды. Келер жылы республикалық бюджеттен 9 млн теңгедей қарастырылады.
Әзірше құнарлы қабат алынып, негізгі құрылысқа дайындық жүріп жатыр.
Ернар Теміржанов, мердігер компания өкілі:
- Бүгінге дейін бір шақырымдай жолды аршыдық. Кейбір жерлер мұз боп қатып қалған. Жер қыртысы күрделі екен. Дегенмен, биыл межеленген жұмыстарды аяқтаймыз.
Кең жолақты асфальтталған жол бір жылдан соң қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Демек, кен тасымалдайтын жүк көліктері ауылды айналып өтетін күн де алыс емес.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов