Елімізде пошта жөнелтілімдерін жеткізу оңайлай түседі
Елде пошта жөнелтілімдерін жеткізу және тапсыру рәсімдері оңайлай түседі, деп хабарлайды 24kz.
Енді оларды құпиясөз, яғни пин-код енгізе отырып, құқықты растау процесі арқылы келісім алу жолымен адресаттарға, олардың заңды өкілдеріне немесе сенім білдірілген өкілдерге жіберуге болады. Бүгін Мәжіліс «Пошта туралы» заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат пошта нарығын заман талабына сай жан-жақты дамытуға бағытталған. Поштаматтарды көппәтерлі тұрғын үйлерде орналастыру нормалары да нақтыланады. Мәселен, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың немесе ғимараттардың меншік иелері пошта операторларына поштаматтарды шарттық негізде орнату үшін алаңдар бере алады. Заң жобасын талқылау барысында депутаттар елде кейінгі жылдары пошта жәшіктері арқылы қарапайым хаттарды жіберу көлемі төмендеп, өзектілігі жоғалғанын атап өтті. Осыған байланысты кейбір нормаларды заң мәтінінен алып тастау ұсынылды. Ал көппәтерлі тұрғын үйлерде орналасқан абоненттік жәшіктер туралы ережелер өзгеріссіз қалады.