Ақтөбе – Қандыағаш жолы пайдалануға берілді

Ұзындығы 90 шақырым жол төрт жолақты, бірінші санатты.

Шұрық-тесік болған жол жарты ғасырдан астам уақыт бойы күрделі жөндеу көрмеді. Жолдың бұл бөлігі Ақтөбе мен Атырау, одан әрі Ресей Федерациясымен байланыстыратын республикалық маңызы бар бағыттардың бірі.

Ақтөбе мен Мұғалжар ауданының орталығы – Қандыағаш қаласын байланыстыратын автожолды жаңғыртуға екі мердігер мекеме жұмылдырылған. Бұрын екі жолақты 3-ші санат болған жол кеңейтіліп, бағыттардың арасы межеленді. Құрылыс барысын авторлық және техникалық бақылау тобынан бөлек «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мамандары да қадағалады.

Тельман Малаев, "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" РМК филиалының директоры:

- 250 рет жолға шығу тіркеліп, 1500 сынама алынып, бүкіл сынамалар зертханалық тексеруден өтіп мердігер ұйымына берілді. Және де осы құрылыс жүру барысында 50-ге жуық ақау анықталып, бүгінгі таңда ақау жойылып тұр. 

Республикалық маңызы бар жол Алға, Қандыағаш қалаларын айналып өтеді. Бұл бірінші санатты жолдарға қойлатын талаптардың бірі. Сонымен қатар 691 мың тонна асфальт-бетон қоспасы төселіп, 10 көпір, 5 өткел салынды. Жол бойында 8 демалыс алаңы және 18 аялдама бар. 1795 жарық шамы  орнатылды. 

Жалпы биыл Ақтөбе облысында 900 шақырымға жуық жол жөндеуден өткен. Оның ішінде 400 шақырымы республикалық маңызы бар бағыттар. Бұл жұмыс алдағы жылы да жалғасын табады. 

Айбек Қайыр, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жергілікті жолдарды айтсақ 400 км деп жоспарлап отырмыз. Енді республикалық маңызы бар жолдар 175 км толығымен тапсырамыз. "Ақтөбе-Қарабұтақ-Ұлғайсын" басталып кетеді 54 км. "Қандыағаш-Эмба-Шалқар-Ырғыз" жолы. Былтыр бастап кеттік 20 км. Биыл қосымша 25 км жол салынған болатын. Жалпы 125 км келесі жылы толығымен тапсырылатын болады. 

Бұл жоба еліміз үшін стратегиялық маңызы бар бағыттардың бірі. Қытай мен Қырғызстан, Өзбекстанды Ресеймен байланыстыратын жолда қазірдің өзінде автомобиль қатынасы қарқыны 3 есе артып отыр. Тәулігіне шамамен 10 мыңнан астам көлік дәл осы жолмен жүріп өтеді. 

Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов