Қарағанды облысында заңсыз ойын бизнесімен айналысқандар жазаға тартылды
Қарағанды облысында соңғы 4 жылда 17 заңсыз ойын нысаны анықталған, деп хабарлайды 24KZ. Олардың біреуі – букмекерлік кеңсе, 13-і – казино, қалғаны – ойын залдары. Астыртын ойын бизнесімен айналысқандар бас бостандығынан айырылған.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері заңсыз айналымдағы 316 бинго-лото терминалын тәркіленді. Биыл қазан-желтоқсан айлары аралығында интернет-ресурстар мониторингі барысында әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастырған бірнеше адам ұсталған.
Ержан Қалиасқаров, Қарағанды облысы Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші тергеу басқармасының басшысы:
- Интернет-ресурстар мониторингі барысында әлеуметтік желіде заңсыз лотерея ұйымдастырған 6 аккаунтты анықтады. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде осы аккаунттардың иелері анықталып, олардың ұйымдастырған заңсыз материалдар ҚР Туризм және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитетіне әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін хат жолданды.