Ақтауда 900 шақырымнан астам инженерлік желі жөнделеді
Ақтаудағы инженерлік желілердің 82% ескірген. Тозу деңгейін төмендету мақсатында қалада алдағы жылдары 900 шақырымнан астам инфрақұрылымдық желілерді жаңғырту жоспарланған.
Бұдан бөлек, өңірді ауызсумен қамту үшін «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Бүгінгі таңда Ақтау қаласында тәулігіне 7 000 текше метр су тұщытатын зауыттың 1-ші кезеңі аяқталуда. Кейінгі бес жылда облысқа 4 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған. Жыл басынан бері Ақтау, Құрық порттары және Солтүстік терминал арқылы 6,8 млн.тонна жүк тасымалданып, өсім 3,5 пайызды көрсетті. Облыстың транзиттік әлеуетін арттыру үшін Ақтауда ірі әуе хабын құру бастамасы Үкіметтен қолдау тауып отыр. Жоба іске асқан жағдайда Ақтау Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады деп күтілуде.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
- Ақтауда ірі әуе хабын құру бастамасы Үкіметтен қолдау тапты. ТМД елдерінде баламасы жоқ жобаның құны 1 млрд доллар. Қазақстанның айналасында Boeing, Airbus сияқты ұшақтарды жөндейтін базалар жоқ. Оны шетелге алып кетеді. Сол себептен қазіргі ойымыз сол сияқты база ашып, айналамыздағы Ресей болсын, Өзбекстан, Түркменстан елдері бізде жөндеу керек деген жоспарды талқылап жатырмыз.