Тендердегі заңсыздықты жасанды интеллект арқылы жою ұсынылды

Тендердегі заңсыздықты тыю үшін жүйеге жасанды интеллект элементін енгізу керек. Мұндай ұсынысты мемлекеттік сатып алу саласының сарапшылары айтып отыр. Сонымен қатар мамандар жақында қабылданған жаңа құжаттың кей бабы қағаз жүзінде қалып қояды деп қауіптенеді. Жалпы бюджетті жұмсаудың жаңа ережесінде қандай жаңашылдық бар?

Бұл арнайы мақсаттағы жасақтардың іріктеуі емес, тендерді өз танысы ұтуы үшін шенеуніктердің жасаған құйтырқы әрекеті. Төрт жылдан бері мемлекеттік сатып алу порталымен жұмыс істеп келе жатқан Тәукехан Пошанов осындай жасанды кедергілерге талай тап болғанын айтады. Байқауды жеңсе де, тапсырысты уақытылы орындау мүмкін емес деп отыр. Өйткені бюджет әкімшісінің орынсыз талабы таусылмайды.

Тәукехан Пошанов, кәсіпкер:

- Шымкент полиция департаментіне 21 көлік өткіздік. Өткізетін кезде келісімшартты жібермей әлек қылды. «НДС бермейміз», – дейді. «Біз НДС қоспағанбыз», – дейді. НДС болмаса, біздің компания НДС өз қалтасынан төлеу керек болады. Ешқандай пайдасы жоқ. Оны дәлелдеп екі апта жүрдік. Сосын «машинаның түсін өз қалауымызға қарай айтамыз», – деп келісімшартқа жазып қойған. Айтады, «21 машина алып кел», – дейді. 21 машина алып келесің. «Енді ақ машина», – дейді. 21 ақ машина алып келгеннен кейін «21 қара машина», – дейді. Қарасын алып келсең, «аралас қыламыз», – дейді. Ар жақта машина арзан дүние емес қой. Алып келгеннен кейін шығынға ұшырайсың бекерге.

Осындай талаптардың заңсыздығын әшкерелеу үшін компания басшысы 200-ден астам сотқа қатысқан. «Бірақ құқықбұзушылық дәлелденген күннің өзінде мемлекеттік орган қатесін түзетуге асықпайды», – дейді ол. Заңдағы олқылықтарды тиімді пайдаланған шенеуніктер созбаққа салып, істі аяқсыз қалдыруға үйренген. Кәсіпкердің сөзін мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы Ербол Сардарбеков те қуаттады.

Ербол Сардарбеков, сарапшы:

-Мысалы, өзінің өнім берушісін алдыға шығарып алады да, келесі заңды түрде ұтқан мердігер соттасып жүргенше жаңағы ұтып кеткен мердігер жұмыс істеп, аяқтап, ақшасын алып кетеді. Бір сөзбен айтқан кезде. Кейін сотты жеңіп, қағазды алып келгенше тапсырыс беруші айтады: «Бізге істеп қойған. Кешіріңіз». Көп болса, отырған бір сарапшыны жазалайды. Тәртіптік жазаға. Ал мында үлкен кәсіпкерге залал тиді, мысалы. Ол көлемді басқа кәсіпкер алуы керек еді. Ондай көп мәселе практикада бар.

Мемлекеттік сатып алу заңы – ең көп өзгертілген құжат. 2021 жылы мұнда рейтингтік-балдық жүйе енгізілген болатын. Ол ереже бойынша портал мердігерді қаржылық жағдайы мен тәжірибесіне қарап автоматты түрде таңдайды. Бір күндік компанияларды нарыққа кіргізбеу үшін өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары үнемі жетілдіріліп отырады. Мәселен...

Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің басқарма басшысы:

- Бүгінгі таңда бір әлеуетті өнім беруші көптеген келісімшартты алып, оны одан кейін қосалқы мердігерлерге барып, яғни құрылыс нарығында бір монополия орнатып отыр. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында әкімшілік аумақтық территориядағы орналасуы үшін өлшем-шарттардың көлемі 1%-тен 2%-ке дейін ұлғайтылды. Ал теріс мәндердің көлемі 0,1%-тен 0,2%-ке дейін ұлғайтылып отыр. Яғни, қолданыста ағымдағы жылы жасалған келісімшартыңыз бар болған жағдайда сіздің барлық балдарыңыздан 0,2% алынып тастайды. Сізде 10 келісімшарт болған жағдайда сізден 2 балл алынып тастайды.

Сонымен қатар жаңа заңда тапсырыс берушілерге конкурс кезінде жергілікті жердегі материалдық-техникалық және адами ресурстарды талап ету құқығы берілмек. Осылайша, өңірлердегі өнім берушілердің тендерден өз үлесін алуына жағдай жасау көзделген.

Алайда тендер әділ өтуі үшін адами фактор толық жойылуы керек. Себебі қызметкерлер қасақана немесе байқамай қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан заңсыздықтарды жасанды интеллект көмегімен жою ұсынылып отыр. Яғни, арнайы бағдарлама байқау құжатындағы орынсыз талаптарды жылдам анықтап, ондай сатып алуларды дер кезінде тоқтатуға мүмкіндік бермек.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Қанат Әбілдин.