Мемлекеттік сатып алу саласында жаңа тәртіп орнайды

Мемлекеттік сатып алу заңының соңғы редакциясы биыл қабылданып, келесі жылдан бастап қолданысқа енеді. Онда бір көзден сатып алу механизмі түбегейлі өзгерген. Бұрын 56 негіз болса, қазір олардың саны 43-ке дейін қысқарды. Яғни, бұдан былай бәсекелестік ортадан алынатын тауар мен қызмет саны өседі деген сөз. Жаңа заңда тағы қандай өзгеріс бар?

Ерекше атап өтуге болатын бірнеше өзгеріс бар. Мәселен, жаңа заңға қоғамдық бақылау ұғымы енгізілді. Яғни, тендерлерде құқық бұзылмауын кез келген азамат қадағалай алады. Бірақ белсенділер: «Бұл норма қағаз жүзінде қалып қойғалы тұр», – дейді.

Нұрғали Рахманов, «Kun Jarygy» қауымдастығының сарапшысы:

- Жаңа заңдағы норма қоғамдық бақылауды жаңа деңгейге көтереді деп айту қиын. Себебі қоғамдық ұйымдарды ешкім қаржыландырмайды. Ал мұндай ауыр жұмысты тегін істей беруге көп адамның шамасы келе бермейді. Негізінен мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыздықтарға сол сапасыз атқарылған жұмыстың зардабын тартқан халық шағымданады. Сондықтан қазір комиссия шешіміне шағымданудың жаңа тәртібіне көңіл аудару керек деп ойлаймын. Өйткені тендерге қатысқан кәсіпкер оның техникалық талаптарымен толық танысып шықты. Құқығын қорғауға қаржылық мүмкіндігі де бар.

Бұл ереже келесі жылдан бастап күшіне енеді. Қазір кәсіпкер тендердегі теңсіздікті алдымен ұйымдастырушыға, одан кейін Ішкі мемлекеттік аудит органдарына айтуға міндетті. Ең соңында ғана сотқа жүгінеді. Жаңа жылдан кейін тапсырыс беруші қатесін түзетуден бас тартса, бірден сотқа шағынуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар құжатта отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында ұзақмерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндігі қарастырылған. Осылайша, кәсіпкер алдағы бірнеше жыл бойы тұрақты тапсырыс алып отырады. Бюджет те үнемделеді. Себебі келісімшарттағы баға жыл сайын құбылмайды және бір көзден сатып алудың бірнеше негіздемелері қайтарылды. Енді мемлекеттік органдар керек-жарағын конкурс ұйымдастырмай-ақ ала алады. Сонымен қатар ауыл әкімдеріне 4000 айлық есептік көрсеткішке дейін тікелей келісімшарт жасау мүмкіндігі берілмек.

Мейрамбек Таңжарықов, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің басқарма басшысы:

- Ауылдық елді мекендерде, өкінішке қарай, көп жағдайларда білікті өнім берушілер болмай жатады. Осы ретте олардың конкурстары жеңімпаз анықталмай, ұзаққа созылып кетіп жатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін, ауылдық әкімдіктер үшін біз осындай жеңілдікті көздеп отырмыз. Бұл ретте атап өткім келеді. Мына заңның тағы бір жаңашылдығы конкурсқа егер де бір әлеуетті өнім беруші қатысып, ол біліктілік талаптарына сай келетін болып анықталса, онда конкурс өтті деп танылады. Қайтадан конкурс өткізу қажеттілігі жоқ. Сол бір әлеуетті өнім берушімен бірден келісімшарт жасалады.

Сондай-ақ құрылыс саласында ЕРС контракт жүйесі енгізілмек. Яғни, жобалаудан бастап нысанды қолданысқа беруге дейін бір мердігер ғана жауапты болады. Яғни, бұрынғыдай кінәні басқаға аударып, жазадан құтылу тыйылады.

Жандос Игембаев, ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің басқарма басшысы:

- Бізде бессатылы тексеріс. Ол дегеніміз – техникалық қадағалау. Ол дегеніміз – авторлық қадағалау. Ол дегеніміз – тапсырыс беруші. Ол дегеніміз – ГАСК. Бізде Жол активтері сапасының ұлттық орталығы деген бар. Тексеріс көп болған сайын біздің сапамыз құрып жатыр. Мысалы, бағанағы ЕРСМ келісімшартта мердігер, инженер. Екі-ақ тексеріс болады. Тіпті бір-ақ тексеріс десе де болады. Мысалы, БАКАД салынды. БАКАД пен басқа жолды салыстырсаң, екеуі жер мен көктей.

Мамандар жаңа заң мемлекеттік сатып алу процестерін оңтайландыруға да әсер етеді деп отыр. Өйткені бұған дейін байқау екі айға созылса, жаңа тәртіп бойынша жеңімпаз 10 жұмыс күні ішінде анықталады. Дегенмен бұл салада әлі күнге шешілмей келе жатқан бір мәселе бар.

Данияр Бегайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Бүгінгі таңда бірнеше жүйелі тәуекел анықталды. Біріншісі – сметалық құнының негізсіз артуы. Талдау жұмыстарының аясында ең алдымен жөндеу және құрылыс жұмыстары мен жоспарлануын зерттеуге басымдық берілді. Нәтижесінде сметаны жасанды түрде қымбаттату тәуекелдері анықталды.  

Мемлекеттік органдар әзірге түрлі ақпараттық жүйелер арқылы орташа бағаны анықтауға тырысып келеді. Бірақ көріп тұрғандарыңыздай, нәтиже мардымсыз. Сондықтан жаңа технологияларға, яғни жасанды интеллект көмегіне жүгіну керек деген пікір көптеп айтылып жүр.